Масаға таланған науқас баласын үйіне алып кетуге мәжбүр

689

Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында науқас балалар масаға таланып, үйіне қайтуға мәжбүр. Ыстығы көтеріліп, мазасызданып, баласымен ауруханада стационарлық ем алуға мәжбүр болған аналар перзенттерін емдеп емес, масадан түнімен қорып әуре.

Бір аптадан бері қызуы түспей қойған қызымен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына түскен Нұрзина Төреханова «Қызым грипп жұқтырып, жедел жәрдеммен ауруxанаға түстік. Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруxанасындамыз. Мақсатымыз ем алып ,асықпай шығу еді. Бірақ бұған қаптаған МАСА мүмкіндік берер емес. Талап жатыр. Өздері ірі, тіптен көп. Мұнда бір күн де жату мүмкін емес. Ертең арыз жазып, масадан бас сауғалап қашамыз деп нық бекініп отырмыз. Қызымның бет-аузы мен денесінде сау-тамтық жоқ. Бұл — біздің түскенімізге бір екі күн болғандағы жағдай. Бір-екі апта жатсақ баламның қалай азап шегетінін елестете алмаймын.

Шаққан жерді ісіріп, дуылдатып ұзақ уақыт қышытып, бала ұйқы көрмей мазасызданады. Маса қан арқылы түрлі ауру тарататынын ойласам қорқып кетем, түрлі диагнозбен қаншама бала жатыр… Қызым тұмау. Қызуы көтеріліп жатса да масамен алысуға мәжбүр… Төсек-орынның жетіспеуіне түсіністікпен қарасақ та, масаның шабуылына шыдай алмадық. Тиісті мекеме тор орнатып, дәрі шашып, тиісті шара көрмесе, балаларға обал!»- деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.