Оңтүстікте медицина нысандарының құрылысы қарқын алған

526

Халқы тығыз орналасқан ОҚО – да амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін жаңа нысандар салынып жатыр. Бастапқы медициналық-санитарлық 10 нысанның құрылысы қарқынмен жүргізіліп жатыр. Кентау, Шымкент қалаларында, Жетісай және Сайрам аудан орталықтарында 500 адам қабылдайтын емханалар, Мырзакент және Атакент кенттерінде 250 адам қабылдайтын емханалар салынуда.

Шағалалы Шардара қаласында 150 адам қабылдайтын аудандық емхана күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал Төлеби ауданының 1 Мамыр ауылында 120 адам қабылдайтын ауылдық емхана мен  Сарыағаш ауданында 50 адамдық  Қызылжар дәрігерлік амбулаториясы, сондай – ақ, Сайрам ауданында 25 адамдық Көлкент дәрігерлік амбулаториясы, Сарыағаш ауданында 100 адамға шақталған Дербісек ауылдық емханасы салынып жатыр. ОҚО денсаулық сақтау басқармасы құрылыстың бұрын соңды мұндай ауқымда болмағанын айтады.

Оңтүстік өлкесінің өркендеп дамуының бір көрсеткіші, денсаулық сақтау саласына айырықша назар аударылып келеді. Тек 2017 жылы жергілікті бюджеттен материалдық-техникалық жабдықтауға 6,2 млрд. теңге бөлінді.

Жергілікті бюджет есебінен жедел медициналық көмек көліктерінің 27 бірлігі сатып алынып, облыс аудандарында кезекшілікте пайдаланылып жүр. Одан басқа, жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңге заманауи емдік-диагностикалық құрал-жабдық сатып алуға бөлінді.