Оқырман сауалы – маман жауабы

187

«Шипажайға тегін жолда кімдерге беріледі?», «Шілдеден бастап базалық зейнетақым қанша болады?», «Мүгедектікті қалай дәлелдейді?», «БЖЗҚ-дағы жиналған қаржымның сомасын қалай білуге болады?», «Пәтер кезегі қашан жылжиды?» ,»Тегін дәрілерді кімдер алады?» және тағы басқа. Редакцияға қоңырау шалатын оқырмандар осындай сауалдарды жиі қояды. Солардың сұрауы бойынша «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттерінің редакциясы «Тікелей байланыс» жобасын қолға алды. Осылайша оқырмандарымыз үйден шықпай-ақ, телефон арқылы сала мамандарына сауалын жолдап, жауап алды.

Мүгедекпін. 1 шілдеден бастап зейнетақым қанша болады?

Оқырмандардың сұрағына «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ ОҚОФ ӘТВЕО департаменті әлеуметтік төлемдерді мониторингілеу басқармасының басшысы Ә.Халмұратова жауап берді.
С: I топ мүгедегімін. 29 жыл еңбек өтілім бар. Стаж ескерілген жағдайда зейнетақым қандай болады?
Ж: Сізге 29.10.2007 жылы ең төменгі зейнетақы төлемі тағайындалған. Жыл сайын зейнетақы төлеміңіздің мөлшері арттырылып, бүгінгі таңда оның мөлшері 35102 теңгені құрап отыр. 1-ші топ мүгедегі болғандықтан Сіздің зейнетақыңыз мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін, яғни 54306 теңгені құрайды. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі өзгереді. Сіздің жалпы еңбек өтіліңіз – 29 жыл. Соған байланысты базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 92%-ын құрайды. Яғни 26021 теңге. 01.07.2018 жылдан бастап Сіздің зейнетақы төлеміңіздің мөлшері 80327 теңге болады.

С: 1992-2003 жылдар аралығында еңбек өтілім еңбек кітапшамда жазылған. Бірақ зейнетақы жарналары аударылмаған. Осы аралықтағы еңбек өтілім зейнетақы тағайындау барысында есептеліне ма?
Ж: ҚР 21.06.2013 жылғы №105-V «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы бойынша зейнеткерлікке шығу үшін еңбек өтілі 01.01.1998 жылға дейін есепке алынады. Алайда, Сіздің, 1999-2003 жылдар аралығында жұмыс атқарып, бірақ міндетті 10% зейнетақы жарналары жұмыс беруші тарапынан аударылмағандықтан, аталған жылдар есепке алынбайды. Тиісінше, 01.07.2018 жылдан Сіздің зейнетақы төлем мөлшері 01.01.1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептелінеді. Нақты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтетін анықтау мақсатында Сіз тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» (ЦОН) қызметіне жүгінуді ұсынамыз.

С: Бесінші баламды дүниеге әкелдім. Баланың тууына байланысты жәрдемақыны алу үшін үйден шықпай құжаттарды қалай өткізеді?
Ж: Электронды цифрлық қолтаңбаныз болған жағдайда бала тууына берілетін жәрдемақыны электронды үкімет порталы «Еgov» арқылы бір ғана өтінішпен рәсімдеуіңізге болады.

«Зейнетақыға қосымша төлем неліктен тоқтатылды?»

Оқырманның сұрағына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы Б.Ерімбетов жауап берді.
С: Мен бала күнімне мүгедекпін. Зейнетақыға қосымша төлем неліктен тоқтатылды?
Ж: Сіз жасыңызға байланысты зейнеткерсіз және бала кезіңізден үшінші топтағы мүгедексіз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан Сіздің зейнетақыңыздың мөлшері 33 748 теңгені құрайды. Қолданыстағы заңға сәйкес, егер Орталықтан (Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық) төленетін жасыңызға байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы төлеу Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдеріне мүгедектердің осы санаты үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі. Бала кезіңізден үшінші топтағы мүгедектік жәрдемақыңыздың ай сайынғы мөлшері 33941 теңге. Қосымша төлемнің мөлшері 193 теңгені құрайды. Зейнетақы төлемінің мөлшері қосымша төлемдерді қоса есептегенде 2018 жылдың 1 қаңтарынан 33941 теңгені құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бала кезінен 3 топ мүгедегі ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тоқтатылған. 2018 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы заңнамасында мүгедектерге арналған екі жәрдемақының біріктірілуі қарастырылған: мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы. Осыған орай, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан мүгедекттерге сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылмаған.

«Зейнетақы жарнасын дұрыс аудармаған. Не істеймін?»
Оқырмандардың сұрағына ОҚО бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалы директорының орынбасары Ә.Исабаев жауап берді.
С: Шағын кәсіпорын есебінен зейнетақы жарналарын аударуда қандай заң бар. Штаттан тыс қызметкер ретінде жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналарын аударуға мүмкіндігім бар ма және қандай тәртіппен?
Ж: ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 25-бабының 4-тармағына сәйкес Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсiпкерлер үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын өз пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Бұдан бөлек Сіз ЕРІКТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН (ары қарай ЕЗЖ) аударуға мүмкіндігіңіз бар.
ЕЗЖ– салымшы (жеке және заңды тұлға) тарапынан зейнетақы алушының есебіне өз ықтиярымен аударатын сомасы. ЕЗЖ мөлшерлемесі тараптардың уағдаластығы бойын-ша ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім-шарт арқылы белгіленеді
С: 1 жыл 4 айдан бері екі мекемеде жұмыс істеймін. Бірінші мекеме зейнетақы жарналарын екі-ақ рет аударыпты. Екінші мекемеден 3 рет аударылған. Қорытындысында мен 1 жыл 4 ай жұмыс істегеніммен, аударымдар небәрі 4 рет түсуіне байланысты 4 ай еңбек өтілі есептелініп отыр. Мәселені, қалай шешуге болады?
Ж: Сіздің жағдайыңыз көбісіне тән. Алдыңғы жылдары жұмыс берушілер тарапынан заңдылықтарды білмеуінен (немесе заң бұзушылыққа жол берілгендіктен) міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аударылмаған немесе мүлдем аударылмай келген. Соның салдарынан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне, жалпы зейнетақы мөлшеріне кері әсерін тигізді. Сіздің мәселеңізге тиісті айтсақ, 1 жыл 4 ай еңбек өтіліңіз орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарнасын аудару туралы мәліметтер бойынша, жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасы түскен айлардың жалпы саны ретінде есепке алынады, яғни 4 айды (4 аударымды) құрайды. Осылайша, 01.01.1998 жылдан 31.06.2018 жылға дейінгі кезеңде міндетті зейнетақы жарналарын аудару жүргізілмеген жағдайда, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін растайтын қосымша құжат ретінде сот міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңін растайтын сот шешімін ұсыну қажет. Осыған орай, Сіз сот органдарына жүгінуіңізге құқылысыз.

С: Мен жеке кәсіпкер (ИП) арқылы жарты жылда 1 рет ақша аударып отырдым, зейнетақы мөлшерім қандай болмақ?
Ж: 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнет жасына толғандарға базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Яғни, сіздің 1 рет аударған жарнаңыз 1 айлық еңбек өтілі болып есептелінеді.

С: Зейнетке шығуыма 6 ай бар. Зейнетақы қорында 700 мың теңге көлемінде қаржы жинақталыпты. Осы жиналған қаржыны бірден ала аламын ба?
Ж: Зейнетақы заңнамасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен алу кестесіне қатысты енгізілген өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақының мөлшері 33 745 теңгені құрады. Сәйкесінше, оның 12 еселенген мөлшері 404 940 теңгені құрайды. Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады. Яғни, сіз 700 мың теңгеңізді ай сайын бөліп алатын боласыз.

С: Жұмыссыз жүрген кезең, зейнетақы есептеу барысында еңбек өтілі болып санала ма?
Ж: Жоқ, егер сіз жұмыс істемесеңіз, сізге міндетті зейнетақы жарналары аударылмайды деген сөз. Ертен зейнеткерлікке шыққанда жұмыссыз болған кезең сізге ескерілмейді.

«Демалыс күндері жұмыс істетеді. Еңбекақым қалай төленеді?»
Оқырмандардың сұрағына ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ғ.Ақбердиев жауап берді.
С: Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан жұмыс орным демалыс күндері жұмысқа тартады, бірақ ол жөнінде бұйырық шығармайды. Сол күндерге еңбекақы төлену тиіс пе?
Ж: Жұмыс беруші мереке және демалыс күндері жұмыскерлерді жұмысқа тартуға құқылы емес. Жұмысқа тарту тек жұмыскердің жазбаша келісімі негізінде жүргізіледі. Тиісінше жұмыскер ол күндері жұмысқа шығудан бас тарта алады. Өндіріске қажеттілікке сәйкес мереке немесе демалыс күндері жұмыс жүрген жағдайда, жұмыс беруші ол күндерге тиісті бұйрық рәсімдеп, жұмыс уақытын есепке алуы тиіс. Бұл жағдайда жұмыскердің қалауы бойынша басқа күні демалыс беріледі не біржарым есе мөлшерде ақы төленеді.

С: Жалақы әр айдың қай күніне дейін түсуі тиіс, мерзімі қандай? Бұл қай заңмен реттелген?
Ж: ҚР Еңбек кодексінің 113 бабына сәйкес, жалақы айына бір реттен сиретпей беріледі және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс.

 

Дайындаған: А.ЕРМЕКҚЫЗЫ