Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаев сот қаулысымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Шымкент қаласы Абай аудандық соты күзетпен бұлтартпай ұстау туралы санкция берді.
Әл Фараби аудандық сотының судьясы Қали Байарыстановтың айтуынша, Нұржан Серікбайұлы айыптау саралауы бойынша 2017-2018 жылдар аралығында 144 мың АҚШ доллары мен 4 млн. 500 теңге пара алды деп айыпталып отыр. Теңлібаев тікелей кеден саласы бойынша жауапты болған.
«2018 жылдың ақпан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюроның құрықтаған 15 кеден қызметкерлерінің ісін тергеу кезінде Теңлібев күдікті ретінде танылып отыр. «Қазығұрт», «Қапланбек», «Атамекен» және «Сарыағаш» кеден бекеттерінің қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық іске тікелей байланысы бар» -дейді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Қали Байарыстанов.
Теңлібаев Нұржан Серікбайұлы ҚР ҚПК -нің 366 бабының 4-ші бөлігімен айыпталуда. Аса ауыр қылмыс санатына жататын бұл бап бойынша, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.