Соңғы жылдары соттың азаматтармен ашық байланысын қамтамасыз ету және сот төрелігін қолжетімді ету мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында инновациялық технологиялар белсенді түрде қолданылып келеді. Қазіргі таңда бұл сот істерін жүргізуді жетілдірудің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Бейнебайланыс арқылы Жоғарғы Сотпен жиналыстар, семинарлар, аудандық және оған теңестірілген соттар төрағаларының қатысуымен өтетін кеңейтілген мәжілістер, судьяларды қашықтан оқыту, сонымен қатар сот процестерін қашықтан өткізу, азаматтарды онлайн режимде қабылдау, тағы басқа да бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков азаматтарға жеке қабылдау өткізу барысында, Түлкібас ауданының тұрғыны Затымбек Джолдасовты бейнебайланыс арқылы онлайн-режимде  қабылдады, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

З.Джолдасов өзінің шағымында облыстық сотқа арыз жазғанына бір жыл болғанын, оған бүгінгі күнге дейін жауап алмағанын айтты. Сондай-ақ, ол аудандық соттың шығарған сот шешімімен келіспейтінін және соған байланысты өзге де проблемаларын  жеткізді.

Т.Баратбеков арызданушының шағымын тыңдай келе, бұл сот шешімінің 2016 жылы шыққанына тоқталып, арыз бойынша заң шеңберінде тексеру жүргізіліп, бұл мәселенің неліктен осы күнге дейін созылғаны анықталып, оның нәтижесі бойынша жауап берілетінін айтты.