Сыныптасын суицидке итермелеген деген күдікпен айып тағылған бопсалаушы оқушыға қатысты қылмыстық іс прокуратураның қарауына кері қайтарылды. ҚР кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соты Шымкенттегі №83 мектептің оқушысына қатысты қозғалған қылмыстық істі зерделей түсуге прокуратураға қайтарды.

Сот төрағасы Қанатбек Қоңырбаевтың мәлімдеуінше, іс материалдарында процессуалды нормалардың бұзылуы орын алған. Жан – жақты істі қарап, олқылықтардың орнын толтыру үшін прокурорға қайта жіберілді.

Қанатбек Қоңыратбаев, ОҚО мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотының төрағасы: «ҚР ҚПК – нің 24 талаптарының толық орындалмауына байланысты, іс материалдары кері қайтарылды. Объективті толыққанды іс материалдары қаралуы тиіс».

Еске салайық, биылғы жылдың 10 – шы ақпанында Қайнарбұлақ елдімекенінде 10 -шы сынып оқушысы өз өзін асып қайтыс болған еді. Сарайда табылған баланың соңғы хатында өкпелеткен қатарластарының аты – жөні жазылған тізім де табылған.

«Қорқыту» және «өзін өзі өлтіруге итермелеу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, Шымкенттегі №83 – ші мектептің 10 – шы сынып оқушысы құрықталған болатын. Аталған іс бойынша, 20 жәбірленуші анықталған. Барлығы да осы мектептің шәкірттері, тергеу айыптауы бойынша жоғары сынып оқушыларынан теперіш көрген. 16 жасында өмірімен қош айтысқан марқұм баланың анасы қамаудағы оқушының кінәлі екендігіне сенбейді. Перзентін қыспаққа алып, таяққа жыққандар басқа екендігіне сенімді.