ОҚО полицейлері жасөспірімдер арасында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Әкімшілік құқықбұзушылықты алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың жолын кесу – ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полициясының басты міндеттерінің бірі.

Осы мақсатта ағымдағы жыл басынан бері «нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша әр жұма, сенбі және жексенбі күндері өткізілетін 50-ден астам профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырған. Тәртіп сақшылары ЖПІ кезінде үлкендердің қарауынсыз жүрген 500-ден астам кәмелетке томаған жасөспірімді бейімдеу орталығына жеткізген.

Түнгі уақыттарда заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 2732 жасөспірімді, ойын-сауық орындарында болған 130 жасөспірімді анықтады.Профилактикалық және түсіндірме жұмыстары жүргізілетін құқықбұзушылыққа бейім 485 жасөспірім және 281 қолайсыз отбасы ІІО есебіне алынды.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясы аясында ювеналды полиция қызметкерлері облыстың колледж және мектептерінде құқықбұзушылық пен қылмыс жасаудың салдары тақырыбында бейнежазбаны көрсету арқылы дәрістер өткізді. Сонымен қатар полицейлер оқушылар мен колледж студенттеріне «Ашық есік күнін» ұйымдастырды, онда балаларды полиция бөлімі жұмыстарымен таныстырды және ОҚО ІІД музейін көрсетті, сондай-ақ «Бақытты балалық шақ» ұранымен бірқатар іс-шаралар өткізді.

ОҚО ІІД ЖПҚ ювеналды полиция қызметкерлері атап көрсеткендей осы тектес іс-шаралар мен акцияларды өткізу кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты алдын алуға әсер ететін және жастарда отанға деген ұлтшылдық пен махаббат оятатын ішкі құндылықтарын тәрбиелейді. ОҚО полицейлері болашақта жасөспірімдерді қылмыс жасап, заңды бұзуға жол бермеуге көмектесетін түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлауда.