«Ақылды жайылым» жобасы жүзеге асырылмақ

559

«Ақылды қала». «Ақылды аялдама». Енді олардың қатарына «Ақылды жайылым» қосылады. Заманауи жүйе іске қосылса қойшының қажеті шамалы. Жаңа жүйе цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Түркістан облыстық Ақпаратттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшылығы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында білім, денсаулық сақтау салаларында цифрландыру жүйесі сәтті жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті. Оның барлығы да ең алдымен уақыт үнемдеуге септессе, екіншіден сыбайлас жемқорлықтың алдын алады…

Бүгінде мектептерді ғаламтормен қамту мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Өңіріміздегі 901 мектепте жалпы саны 39 769 дана компьютерлік техника бар. Сонда әрбір 11 балаға 1 компьютерден ғана келеді. Ал интернеттің игілігіне қол жеткізе алмай отырған ауылдықтарға BilimBook көмек қолын созбақ.

Бастар Есқараев, Түркістан облысының Ақпаратттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы: BilimBook-та 40 мыңнан астам сабақ дайындалған. Сол арқылы мұғалімдер білім береді. Алдағы уақытта барлық мектептерді интернетпен қамтамасыз ету үшін байланысты спутник жүйесі арқылы ұйымдастыру қарастырылуда”.

Қазіргі таңда Алматы облысында сәтті жүзеге асырылған «Ақылды жайылым» жобасы алдағы уақытта Бәйдібек ауданында да қолға алынбақ. Ол үшін 1,5 мың гектар жайылым дайындалуда. Күннен энергия алатын құрылғымен энергетикалық қоршау жасалынады. Төрт түлік сол қоршаудың ішінде ғана жайылатын болады. Сондай-ақ, өңірімізде алдағы уақытта «ақылды пәтерлер» қатары артатын болады

Сұлтан Сембиев, «Шымкент» ӘКК ІТ басқармасының басшысы: “Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 600 пәтерге «ақылды пәтер» жобасы енгізілетін болады. Облыс әкімдігімен жол картасы жасалынып, бекітілді. Осыған сәйкес жылу энергиясын, электр энергиясын, су есебін бақылаушы автоматты жүйе орнатылатын болады. Аталған құралдар қашықтықтан басқару негізінде мәліметтер жинақтаушы интеллектуалды ақпараттық жүйе құралдарымен қамтамасыз етіледі”.

Жалпы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландыру жұмыстары өз тиімділігін көрсетіп отыр. Атқарылған жұмыстар жайлы басқарма мамандары жан – жақты талдау жасады. Алдағы уақытта нәтижесі жоғары болары сөзсіз.

Гүлжан Көшерова