Шымкенттік оқушылардың мектепке жетуі – мұңға айналды

1012

Ел аумағында жаңа оқу жылы басталғанымен, үшінші мегаполис – Шымкенттегі дарынды шәкірттер түлейтін мектептің оқушылары – өз мектептеріне жете алмай отыр. Жеткеннің өзінде, саулығы сыр беріп, тал түсте есеңгірей талып, медициналық ем-домға зәру күйге ұшырайды.

Өзекті мәселені «Достық» шағынауданының тұрғындары – ата-аналар қауымы көтеріп, арнамызға шағымданды. Жылдар бойы қордаланып, жұртшылыққа жауыр болған проблеманың жай-жапсары, анық-қанығын анықтау үшін  бүгін білім ұясына арнайы барып қайттық.

«Достық» шағынауданынан №89 мектепке қатынайтын балалардың қазіргі жәй-күйі  мүшкіл. Күн сайын білім алуы емес, білім ұясына жетуінің өзі – мұңға айналған. Осылай деп мәселені көтерген «Достық» шағынауданының тұрғындары, ата-аналар қауымы «Асарға», ондағы мектепке тікелей автобус қатынамайтындықтан, қалтасынан теңге төлеп, қоғамдық көлікті те өздері жалдауға мәжбүр болыпты.

«Күніне 200 оқушыны тасымалдайтын бір ғана автобустың сапасы сын көтермейді. Ал қордаланған проблеманы білім басқармасына қайталай айтқанымен, 3 жылдан бері нәтиже жоқ», – дейді.

Сайдынкүл Асан, ата-ана: «Мынау не деген масқара? Балалардың денсаулығы не болды? Мектепке жеткен соң, ауырып, сабақ та оқымайды ғой. Мазалары жоқ бәрінің… Қазір күз, ертең қыс келеді. Қалың киімдерімен мүлдем сыймай қалады. Қайғылы жағдай орын алса, кім жауап береді? Білім басқармасы балаларды неге ойламайды? Алдына барсақ, міз қақпайды. Құдай-ау, мен талапқа сай автобусты тойыма немесе құдалығыма емес, балалардың болашағы үшін сұрап отырмын ғой».

Феруза Абдукаримова, ата-ана: «Автобус сапасыз. Күніне 2-3 рет бұзылады. Жөндеуге кеткенде, балалар сарылып, қарындары ашып, амалсыз күтеді. Бәрінен бұрын, автобусқа сыймаған балалардың жағдайы қиын. Сабақтан да қалып қояды. Ал ішіндегі балалардың бірі жаңа ауа жетпей, талып қалды көз алдымда. Не деген аянышты?! Біз қандай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз?!».Ыңғайсыз, балаларды күйзеліске түсірген бұл көліктің өзіне ата-аналар ай сайын 1500 теңге төлейді. Балалар көлікте қиналып, ауа жетпей есеңгірей талса да немесе аяқтарын басып, көзі көгерсе де , жалдамалы автобус – мектепке жетудің жалғыз жолы. Бірақ аталған көлікке кешіккен немесе сыймай қалған шәкірттердің жағдайы да мәз емес, мектептен қалып қоюы да әбден мүмкін. Жолай, сол көлікке сыймай қалған оқушылар түсіру тобы – яғни біздің көлікке мініп, мектепке барды.

Айлан Дүйсенбек, №89 мектептің 2-сынып оқушысы: «Бүгін автобусқа сыймай қалдым. Автобустың ішінде қиын, басың айналып, құлап қаласың».

Балалардың мүшкіл халі – Шымкент қалалық білім басқармасының мамандарын алаңдатпайтын сияқты. Мәселенің 3 жылдан бері ушығып, қордалануына – «Достық» шағынауданындағы ата-аналардың өзін кінәлады. Сөзіне сенсек, қазір «Достықтың» өзінде 1200 орынды № 69 мектеп бар. 2500 бала білім алады. Қосымша тағы да жүздеген баланы қабылдауға қауқарлы деп сұхбатын бастаған маман, сөз соңында ол мектепке оқушылардың сыймайтынын да жасырмай жайып салды.

Дәулетхан Нәлібаев, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы: «Біз балалардың мектепке кіру және  шығу уақытын есептеп, қарбалас уақытты анықтап, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және авомобиль жолдары басқармасының басшысына хат жазғанбыз. Автобусты ыңғайластыруын сұранғанбыз. Әлі жауап келмеді. Ал бұл мәселенің бәрін толығымен тағы да талқылап, қарастырып,  жуырда шешеміз».

Шымкент қаласының білім басқармасы мәселені тағы да уақыттың еншісіне қалдырды. Десе де, оған дейін үшінші мегаполистің төріндегі білім саласының машақаты ушығып – талай оқушының білімге деген құштарлығын сөндіріп, саулығының сыр беруіне әкелмесе болғаны. Ал перзенттерін №89 мектепте білім алуын қалаған «Достықтағы» ата-аналар қауымы мәселе апта ішінде шешімін таппаса, Білім және ғылым министріне хат жазамыз деп бекініп отыр.

Мөлдір Бекеева