Мақтааралда Астананың 20 жылдығына орай 2 нысан пайдалануға берілді

554
Фото Мақтаарал ауданының әкімдігі

Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай «Астана күніне тарту» акциясы аясында Мақтаарал ауданында 1 мүгедек балаларды оңалту орталығы мен 1 балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Бір күнде ел игілігіне тапсырылған нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Ж. Бейсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы М. Жайлымшиев қатысып, тұрғындардың қуанышына құтты болсын айтты.

Алдымен аудан басшысы Мырзакент кентінде орналасқан Мүгедек балаларды оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты. Мұнда бүгіннен бастап 25 мүмкіндігі шектеулі балаға әлеуметтік қызмет көрсетілетін болады. Мекемеде 24 білікті маман жұмыспен қамтылып отыр.

Аталған нысанды іске қосу мақсатында аудан бюджетінен 9 млн 335 мың теңге қаржы қарастырылған болатын. Ондағы мақсат – аудандағы мүгедек балаларды ескерусіз, қолдаусыз, қамқорлықсыз қалдырмау. Осы міндеттерді мүлтіксіз орындауда аудан басшысы мамандарға үлкен сенім артылып отырғандығын жеткізді.

Мұнан соң Жамантай Қанайұлы бастаған топ Мақталы ауыл округіне қарасты Тың елді мекеніндегі «Орал Бәйтерек» балабақшасына аялдады. 90 орындық бөбекжайдың құрылысына жеке кәсіпкер Ш. Бектібаева өз қаражаты есебінен 55 млн теңге жұмсаған. Мұнда 7 адам жұмыспен қамтылып, қазірдің өзінде 40 баланы қабылдап үлгеріпті.

Небәрі 7 айда бой көтерген нысанды аралап көрген аудан басшысы ең бастысы балалардың күтімі мен денсаулығына, санитарлық тазалық жұмыстарына жіті мән беруді тапсырды.