Түркістан облысы халқының саны 2 млн-ға жуықтады

1089
ontustik.gov.kz

Ағымдағы жылдың 1 маусымдағы есеп бойынша Түркістан облысы халқының саны – 1 955 219 адамды құрап отыр. Оның ішінде қалалық жерде – 380 929 адам (19,5%), ауылдық жерде – 1 574 290 адам (80,5%). Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.

Оның айтуынша,  Түркістан облысы республикада туу мен табиғи өсім бойынша 1 орында, ал халық санынан екінші орынды иемденген.

«Облыста 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 17 448 адамды құрап,  өткен жылдың тиесілі кезеңмен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан. Ал облыс туу бойынша республика деңгейінде көш бастап келеді.  Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 1000 қыз балаға 1074 ұл бала туылды. Осы кезең аралығында облыс бойынша өлгендер саны – 4 276 адамды құрап, алдыңғы жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға кеміді», – деді Айдар Ахметбекұлы.

Бұдан бөлек, 2018 жылғы қаңтар-мамырда көші-қонмен облысқа келген халықтың саны – 38 689 адамды құрап, облыстан кеткендердің саны – 77 524 адамға жеткен. Оның ішінде 8 605 адам – Қазақстанның басқа облыстарына, 60  адам – ынтымақтастық  елдеріне, 6 адам – алыс шет елдеріне кеткендер.

Облыстық Статистика департаментінің мәлімдеуінше, көші-қон ағыны бойынша абсолюттік ауытқу айырымы: облыс-аралық көші-қон – 38 835 адам (теріс),  ТМД елдері бойынша –  228 адам (оң) болды.

ontustik.gov.kz