Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация көршілес Өзбекстан Республикасына іс сапармен барды. Ресми өкілдер Ташкент облысының өндірістік қуаты және туристік әлеуетімен танысты
Түркістан облысы әкімінің Ташкентке сапары табиғат аясындағы заманауи туристік кешеннен басталды. Мұнда өңірдің табиғи байлығын тиімді пайдалану және туристік инфрақұрылымды халықаралық деңгейге көтеру барысын бақылады. Күнгейлікделегация бұдан кейін Мыс байыту фабрикасына ат басын бұрды. Кәсіпорын басшылығы минералдық ресурстарды өңдеумен экспортты кеңейтуге бағытталған ауқымды модернизация бағдарламасын таныстырды.
Ресми өкілдер Ташкент облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Соның бірі заманауи техника құрастыратын зауыт. Мұнда халықаралық стандарттағы өнімдер көрсетілді. Одан бөлек, өңір басшысы мыс пен сирек кездесетін металдарды терең өңдейтін кәсіпорын жұмысымен танысты. Бұл нысанда СИМ-карталар мен банк карталарына арналған микропроцессорлық чиптер өндірісі жолға қойылған.
Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ өңіраралық сауда-экономикалық байланысты нығайтуға уағдаласты. Алдағы уақытта өнеркәсіп, туризм және инновация саласында бірлескен инвестициялық бастамалар қолға алынбақ. Мамандар сөзінше, бұл қадам екі елдің стратегиялық әріптестігін күшейтуге септін береді
Әсел Мәлік






