Түркістан облысында мотокросстан халықаралық сайыс өтті

Түркістан облысында тек Біркөлік шатқалында ғана халықаралық сапаға сай мототрасса бар. Күн жыли салысымен алыс та жақын шетелдің экстремальдары осында жиналып, фестиваль өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл демалыс күні де мұнда жеті елдің байкерлері сынға түсті.

Додаға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан елдерінен, тіпті Еуропадан да қонақтар келген. Олардың арасында бес жасар канадалық экстремал да бар. Ал кәсіпқой мотокросшылар арасында жеңіске жеткен жерлесіміз Дмитрий Утин болды. Оның айтуынша жеңіс оған оңай тимеді. Оның басты қарсыласы Қырғыз экстремалы мәре сызығына дейін тең келді. Тек соңғы секундтарда ғана Дима алға шықты.
Мотокросшылар арасындағы дода аяқтала салысымен жарыс жолына квадроцикл мінгендер шықты. Олар дәл сол трассада өзара сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша, Ресей мен Қазақстан спортшылары үздік деп танылды. Ал шымкенттік байкерлер үздік мотокоманда атанды. Фестиваль соңы шоу бағдарламамен жалғасты.