Шымкентте мотоцикл жүргізушілерінің тәртіп бұзуы тыйылмай тұр

798

Шымкентте жол-қозғалысын бұзып, техникалық талаптарды сақтамайтын мотоцикл жүргізушілерінің қатары азаймай тұр. Тіпті бір жетінің ішінде техникалық қарап-тексеруден өтпеген осындай көлік құралын басқарған 20 жүргізуші белгілі болды.

Ал қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағандар да аз емес, бұған қатысты 19 жәйт тіркеліпті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері апталық рейд кезінде анықтап отыр.«Мотокөлік» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бұдан бөлек, мотоны айдаушылардың жол қозғалысы кезінде тыныштықты бұзған 6 жәйті де анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылыпты. Сондай-ақ, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткендер де жоқ емес. 3 жүргізуші осылай жол ережесін бұзыпты.

Айта кетейік, бір жетінің ішінде миллионды қала – Шымкентте мотокөлік жүргізушілерімен жасалған барлығы 78 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оларға айыппұл салынып отыр.Олег Ким, «Авто-мото» федерациясының Шымкент қаласы бойынша филиал өкілі:»Мойындау керек, қалада мото-жүргізушілері арасында жол қозғалысын жиі бұзатын бірнеше адам бар. Бірақ, бұл – барлығы бірдей тәртіпке бағынбайды деген сөз емес. Заңға бағынып, өзге де жүргізушілерді құрметтеп жүретіндері көп. Қазіргі кезде біздің және тәртіп сақшыларының тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ендігі жерде бұл құқықбұзушылықтың саны азайатыны анық. Ал әуесқой әлгі у-шуды қалайтын жүргізушілерге айтарым, қоғамның тынышы – бәрінен де қымбат».

Мөлдір Бекеева