Түркістан облысының әкімі Хубэй провинциясының өкілдерімен кездесті

384

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясынан келген делегациямен кездесті. Хубэй провинциясының Халық өкілдері жиналысы жанындағы тұрақты комитеті директорының орынбасары Ван Лингпен болған жүздесуде аймақ басшысы Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің достық қарым-қатынасы жайлы, оның ішінде Түркістан облысымен арадағы сауда-экономикалық байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі, 2017 жыл «ҚР-дағы ҚХР-дің туризм жылы» болып жарияланды. Осы шараның аясында былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында «Ontustik Tourism. Invest – 2017: Ұлы Қытай қорғанынан Ұлы Жібек жолының жүрегіне дейін» халықаралық форумы өтті. Нәтижесінде, Бейжіңде виза орталығы ашылса, Астанада Қытай мемлекеттік туризм басқармасының өкілдігі жұмысын бастады. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыруға дайынбыз. Әсіресе, қос тараптың туризм саласындағы жұмысы жанданса жан-жақты қолдауға әзірміз», — деді Ж.Түймебаев.

Басқосуда, сондай-ақ, өңір басшысы аспан асты елінің өкілдерін өңдеу өнеркәсібі, мұнайгаз, мұнай-химия, машина жасау, электротехника, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Көршілес елден келген жұмысшы топты басқара келген В.Линг ханым аталған салалар аясында ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің түрлі салалардағы бірлескен 51 жобасы жүзеге асырылып жатса, оның 5-уі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының еншісінде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі