Зейнетақы аударымдарын тексеріп тұрыңыз. БЖЗҚ мамандарының айтуынша, егер зейнетақы жарналары дұрыс әрі уақытылы аударылмаса, зейнетақыны есептеуде түрлі қателіктер болуы мүмкін. Осы орайда қордың облыстық филиалының қызметкерлері шымкенттік салымшылар үшін ашық есік күнін өткізді. Аударымдарды қалай бақылауға, тексеруге және қадағалауға болатынын түсіндірді.

– Бүгінде зейнетақы шотындағы қаражаттың жай-күйін білу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Барлық мағлұматты www.enpf.kz сайтында жеке кабинет ашу арқылы біліп отыруға болады. Android, iOS, iPhone, iPad, Windows Phone, операциялық жүйелеріне арналған ENPF мобильді қосымшасы арқылы біле аласыз,-дейді «БЖЗҚ» АҚ облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Әбдімұрат Исабаев.
Маман «Ақпаратты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының электронды қызмет мүмкіндіктерін кеңейте түскенін айтады. Яғни енді Қор қызметін «Egov.kz» электронды үкіметінің порталы арқылы да алуға болады.
Айта кетейік, 2017 жыл қорытындысы бойынша БЖЗҚ операцияларының 52 пайызы электронды әдіспен көрсетілген. Қор басшылығы 2021 жылы бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.