жолдың бойындағы ретсіз сауда

Орталық қырғы базар төңірегінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Ретсіз сауда, жаяу жүргіншілер жолын жауып, аялдамаға дейін жеткен. Шелекпен шиелері мен өріктерін сатуға келгендер, ешқандай ережені пысқырып жатқан жоқ. Осы учаскедегі жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты полиция қызметкері тәртіп орнатуға кіріскен.

Жол патрульдік полиция қызметі базар төңірегінде кезекшілікте

Мұратбек Бегалыұлы, жол-патрульдік полиция қызметкері: «Бүгін кезекшілікке түстім. Үш күн болды осындағы шие, өрік сататындармен  күресудемін. Жолды жауып тастайды, көліктің астына біреуі түссе мен жауап беремін ғой».

Алайда шелектерін арқалаған сатушылардың бірі құлақ асса, бірі саудаларын ары қарай жалғастыруда. Олар «жергілікті билік маусымдық сауда жүргізуге орын бермеді, айтқан уәделерінде тұрмады» деп ашынады.

Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Рұқсат берсе, бір сағатта сатып кетеміз. Бұл маусымдық сауда, кейін  жиын терім біткенде  бұл жерде ешкім сатпайды. Күйеуімнің жұмысы жоқ. Апам мен енем ауру. Не істеймін енді?».

Өңір тұрғыны: «Қала әкімі қайда қарайды, халыққа жағдай жасамайды ма? 7 балам бар, батыр анамын. Бала шағаны бағу керек».

Базардың аумағына кіру қымбат, қалтасы көтермейтіндерін алға тартқандар да көп болды. Ал аялдама маңында отырғандардан тек 200 теңге  қоқысты  жинауға алады екен.

Ұлбике Ертаева, сатушы

Ұлбике Ертаева, сатушы: «Адамдар сатқасын, бізде қызығып сыртқа шығамыз сауда жоқ іште, аялдамадан алып кетеді. Әкім жағдай жасасын, қазақтардың құқығы бар шығар жұмыс жасауға. 7 жыл болды осы жерде саудамен айналысқаныма. Қант диабетімен ауырамын».

Ал қалалықтар аялдамасыз қалса да, сатушыларға жаны ашиды. Күннің астында сауда жасаған жерлестеріне билік жағдай жасауы тиіс дейді.

Гүлжахан Қалдыбай, қала тұрғыны: «Күн шыжып тұрғанда  бұларға да сонау жерден шелектерін тасып келу  оңай емес. Шығындары ақталса мақұл ғой, тапқан ақшалары неге жетсін? Осы жерде сататындар  40 жастағылар, жұмысқа орналасайын десе,  тұрақты жұмыс жоқ. Піскен шиесін, өрігін қалаға  алып келіп сатып күн көруде. Маусымдық кезеңде сататын орын белгілесе, барлығына да жақсы болатын еді. Әкімдіктегілер мәселені шешпесе болмайды».

Орталық қырғы базар төңірегіндегі ретсіз сауданы реттеу күн тәртібінен түспеген. Бұл жолы ескі де жаңа әкімге үміт артқан ағайын, арнайы орын сұрап отыр.