Үшінші мегаполистің тұрғындары көбіне жергілікті емес, көршілес – Өзбекстан мен Қырғызстаннан тасымалданатын жеміс-жидектерді жеуге мәжбүр. Себебі күнгейлік кәсіпкерлердің көк-базар мен дүкен сөрелерінде ұсынып, саудалайтыны сол. Мұндай ақпаратты бізге қаламыздағы «Айна» базарының саудагерлері жасырмай, жайып салды.

Ел аумағында әдетте ауыл шаруашылығы, бақша өнімдерінен көш бастаушы күнгейдегі бұл мәселенің туындауына не себеп? Климаты мен кейпі бөлек көршілерден келетін көкөністердің қаупі қандай? Сапасы сын көтере ме? Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын  іздеп көрдік. Мұқаддам Ташева – жеке кәсіпкер. Қаламыздағы «Айна» базарында 10 жылдан бері бақша және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. Сауда-саттықтың қыр-сырын жақсы меңгерген келіншек көкөніс пен жемістерді көбіне көршілес елдерден тасымалдап, саудалайтынын жасырған жоқ. Айтуынша, қазіргі нарықта жергілікті өнімнің құны – қолжетімсіз.

Мұқаддам Ташева

Мұқаддам Ташева, кәсіпкер: «Жемістер мен көкөністерді Ташкент пен Қырғызстаннан әкелеміз. Түрі әдемі, сосын бағасы да жергілікті өнімдерден анағұрлым арзан. Сол үшін ғана сол өнімдерді алып, сатып жатырмыз».

Мәселеге қанық мамандар осы бақша және ауыл шаруашылығы өнімдерінің науқанында – тиісті тауар сапасын анықтап, қаупін қадағалауды ұмытпайтынын алға тартты. Кезекті рет қаламыздағы ауқымды базарларда «Қауіпсіз тағамды таңда» акциясын ұйымтастырды.

Десе де, «Айна» базарының  дәл ортасына орныққан жылжымалы зертханаға келіп, өнімін тексертуші кәсіпкерлердің белсенділігі байқалмады. Амалсыз,  мамандар мұнда тексеруге емес, акция ұйымдастыруға әрі тамақтан туындайтын түрлі аурулардың алдын алуға келгендерін айтып, сауда сөрелерін аралады.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының мәліметінше, шаһарымыздағы ауқымды базарлардағы өнім, ондағы жеміс пен көкөніс құрамын тексеру ай емес, аптасына 2 реттен жүргізіліп келеді. Кезекті көшпелі зертханада «Айна» базарындағы 60-қа жуық өнімнің құрамы зерделенді.

Бекзат Сайлауова, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы: «Бұл акция аясында қаншама өнімнің құрамы тексерілді. Теріс нәтиже беріп жатқан жағдайлар болды. Ал бүгінгі шарада алма, алмұрт, шие – бәрі тексерілді. Нәтижесі жақсы. Ал өнімдегі нейтраттың мөлшері тым асып кеткен жағдайда, сатушыға ешқандай шара көрмейміз, тек қана тұтынушыларға осындай әдіспен жедел өнімнің құрамын анықтауға болатынын үйретудеміз».Халықтың саулығы – дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету үшін қолға алынған акцияда тұтынушылардың белсенділік танытпағанына куә болдық. Базардан азық түлік сатып алушылардың сауаттылығы осыдан-ақ байқалды. Әлде, бұл жобаны да кезекті көз бояушылыққа балады ма белгісіз, акция аумағынан айналып өтті. Дегенмен, «Қауіпсіз тағамды таңда» акциясы әлі өзге де базарларда жалғасын табады. Және келесі жобада ет және сүт өнімдерінің сапасы анықталмақ.

Мөлдір Бекеева