Еңбек келісімшарты жасалмаса, заң қорғамайды

439

Түркістан облысына жұмыс іздеп келіп, нәпақасын тауып жүрген еңбек мигранттары көп. Бірақ, әлдекімдердің құрығына түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандары да бар болып шықты. Мәселен, облысымызда биылдың бірінші жартыжылдығында адам саудасына қатысты 19 оқиға тіркелген. Сонымен еңбек мигранттары Қазақстан Республикасына келгенде нені білуі тиіс? Шетелдіктер елімізде заңды аттамай қалай еңбек етеді? Бүгінгі мақаламыз осы сұрақтарға жауап береді.

Жалған «жарнаманың» құрбандары
Ахмат, Ислом, Хасан (аты-жөні өзгертілген-ред.) — Өзбекстан Республикасының азаматтары. Үшеуі де бір-біріне туыс. Бәрі де отбасылы, бала-шағасы бар. Оларға ортақ тағы бір дүние – жұмыс жоқтығы. Жұмыссыздың күйін кешіп, екі қолға бір күрек таппай көп қиналады. Отбасын асырау қиынға айналған күндердің бірінде алыс туысқандары Фархат (аты-жөні өзгертілген-ред.) үшеуінің басын қосып, жұмыс ұсынады.
«Қазақстанда бос жұмыс орындары көп. Екі-үш айда қалталарың қампиып, үйлеріңе ораласыңдар. Осылайша жағдайын жақсартып алғандар көп» деп, жат елді «жарнамалай» жөнеледі. Ұсыныс өзгеден емес, өз туысынан түскен соң, үш ағайынды еш күмәнданбастан, керісінше, «жағдайым жақсарып, балам тоқ, келіншегім көңілі жай болып жүреді» деп, әрқайсысы жол сандықтарын жинап, Қазақстанға аттанады. Қимастықпен шығарып салған туған-туыс, ата-ана, бала-шаға олардың бар құжатынан айырылып, жапан түзде еңбекке жегіліп, ақысынан қағылатынын білген жоқ еді о кезде…

«Қамап тастайды» деп қорқады
Фархат үш ағайынды шекарадан өтіп жатқанда, көші-қон қағазына келу мақсатын «жеке сапармен» деп жаздырады. Нан табуды мақсат еткен ағайындылар шекарадан еш кедергісіз өткеніне мәз. Жұмыс ұсынған туысына ілесіп жүре берді. «Жанашыр» туысы оларды Түркістан облысының Арыс қаласындағы А. есімді азаматтың қол астына қалдырып кете барады. А. есімді азаматтың кішігірім шаруа қожалығы бар. Жыл сайын қауын-қарбыз өсіріп, оны сатып кәсіп етеді екен. Шаруаның қызған уағында келген жаңа жұмысшылардың жолдан демалуына мұрша бермей, сол күні-ақ қауын-қарбызды баптауға кірісуін сұрайды.
«Жеке үй шаруашылғында еңбек етулеріңе рұқсат алу үшін сендерді өз үйіме тіркеуім керек» деген сылтаумен мигранттардың құжаттарын алып қояды. Ағайындылар А.-ның арбауына түсіп қалғанын со кезде түсінбейді. Уақыт өткен сайын ыстық күн астында жұмыс істеу қиындайды. Ағайындылар қауын-қарбыз егілген алқапта түнеп, сонда өмір сүреді. Шаруашылық қожайыны А. бір күні тамақ жеткізсе, келесі күні қатқан нан да жоқ. Бір айға жуық уақыт өткенде Хасанның анасы сырқаттанып, төсек тартып қалады. Бұл туралы Хасанның туыстары хабарласып, айтады. Ол жұмыс берушіге жағдайын түсіндіріп, үйіне барып келуіне рұқсат сұрайды. Бірақ, жұмыс беруші «Жұмыс бітпей, ешқайда кетпейсіңдер» деп үш ағайындыны ұрып-соғып, телефондарын алып қояды. Хабарласатын телефон жоқ. «Көмек сұрайын» десе жапан дала. «Полицияға жүгінейін» десе, қалай баруды білмейді, заңды жолмен елге кіргенмен, тіркеусіз жүру уақыты өтіп кеткен. Тіркелмей жүргендіктен, заңды бұзған болып тұр. «Қамауға алынамыз» деп қорқады. Осылай тағы бір ай өтеді. Бір күні сол маңнан өтіп бара жатқан автокөлікті көріп, ағайындылар көмек сұрап жүгіре жөнеледі. Көліктегілерден ұялы телефон сұрап, Өзбекстандағы туыс-туғанға қандай жағдайға душар болғандарын айтып, көмек сұрайды. Туыстары Өзбекстандағы адам саудасының құрбандарын құтқарумен айналысатын орталыққа, ал орталық қызметкерлері Қазақстандағы (Шымкент) «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының мамандарына хабарласады.
«Туыс болсын, дос болсын,
бәрін тексеріңіз»
«Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанова құтқару жұмыстарының қиынға соққанын әрі ұзаққа созылғанын айтады. Үш ағайындының оқиғасын баяндаған Шахноза Хасанова олардың қандай қате жасағанын, нені білу керегін, адам саудасының құрбанына айналудан қалай сақтануға болатынына тоқталды.

Шахноза Хасанова, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті:
–Өзбекстан Республикасының бұл үш азаматы бірнеше қателік жіберді. Соның салдарынан қатігездердің құрығына түсіп отыр. Атап айтқанда:
Жұмыс ұсынған адамға бірден сенген. Кімде кім «өзге елде жұмыс бар» деген ұсыныс алса, мейлі ол туысқаны болсын, туған бауыры болсын – жіті тексеруі керек. Жұмыс берушінің кім екенін, баратын жеріңізді нақтылаңыз.
Жұмыс берушімен еңбек шартын түзбеген. Жұмыс берушімен арада келісімшарт түзіп, құжатта «ол қандай жұмыс, айлығы қанша, күніне неше сағат жұмыс істейді, қайда тұрады» деген сынды сұрақтардың жауабын айқындап алу қажет. Келісімшартты екі нұсқада шығарып, бірін өзінде, екіншісін жұмыс берушіге беру міндетті.
«Жеке үй шаруашылғында еңбек етулеріңе рұқсат алу үшін» деген сылтауға сеніп, құжаттарын бөтен адамға берді. Білген жөн, жұмыс беруші өз үйіне еңбек мигрантын тіркеп, рұқсат қағазын алу үшін міндетті түрді еңбек мигрантымен бірге барып тіркелуі керек. Бұдан бөлек, қайда және қандай жұмысқа барсаңыз да, құжатыңызды ешкімге бермеңіз. Өйткені құжатыңыз болмаса, кім екеніңізді дәлелдей алмайсыз.
Бұл азаматтар бір жағынан жәбірленуші болып, екінші жағынан заңды бұзды. ҚР «Халықтың көші-қоны» заңы бойынша, Өзбекстан Республикасының азаматы Қазақстанда 30 күн тіркеусіз жүре алады. Мерзім өткеннен кейін, мигрант не еліне қайта оралуы керек, не «жұмыс істеймін» деп шешсе, Көші-қон қызметтері орталығына барып, жұмыс істеуге рұқсат алуы қажет. Сонда жұмыс істеу мерзімін 3 айға дейін ұзартуға болады. Егер солай жасамай, еңбек ететін болса, ол – заңбұзушылық болып есептеледі.
Оның айтуынша, ағайындыларды құтқару барысында туындаған бір қиындық — азаматтар қандай мекенжайда, кімнің қолында жұмыс істеп жатқаны жайлы еш ақпар білмеген.
– Тек жұмыс берушінің фамилиясын ғана біледі екен. Біз полиция қызметкерлерімен бірге тек сол ақпарға ғана сүйеніп, бүкіл Арыс қаласы мен қарамағындағы ауыл-ауылдардан іздеп, 2 апта дегенде істі жаптық, — дейді Шахноза Хасанова.

«Барлық оқиғаны адам саудасымен шатастыруға болмайды»

ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұл оқиғаны адам судасына жатқызудың дұрыс емес екенін айтады. Олардың сөзінше, Өзбекстан Республикасының азаматтарының көбі қайда және кімнің қолында жұмыс істеуге келе жатқанын өте жақсы біліп, құжаттарын өз еріктерімен береді.

Уәлихан Жәнібеков, ОҚО ІІД ҰҚҚКБ бастығы, полиция полковнигі:
– Негізі,еңбек мигранттарына қатысты барлық оқиғаны адам саудасымен шатастыруға болмайды. Адам саудасына құрбандарды бас бостандығынан заңсыз айыру, азаматты белгілі бір кеңістікте, қол-аяғын байлап, өз еркінен тыс зорлықпен қорқытып, үркітіп ұстау жатады. Ал бұл оқиғадағы кейіпкерлер егістік алқапта ешкімнің бақылауынсыз жұмыс істеді. Кез келген уақытта қашып кете алатын еді. «Сана-сезім» орталығына осыған ұқсас көптеген хабарламалар түседі. Олар бізге жолдайды. Зерттеп, анықтаған кезде еңбек мигрантын ешкім күштеп ұстап отырмағаны анықталады. Көбінесе, осындай қауын-қарбыз алқаптарында болған оқиғалар анықталады. Неге? Өйткені жұмыс беруші мен мигрант арасында алдын ала келісім болады. Жұмыс беруші: «Сендер егіп, өсіріп, баптайсыңдар, соны сатып, ақшасын алғаннан соң ғана еңбекақыларыңды беремін» дейді. Еңбек мигранттары келіседі де өз еріктерімен құжаттарын береді. Бірақ жұмыс ауыр болғандықтан, шыдамай еңбекақысын талап ете бастайды. Сол кезде жұмыс беруші аяқ астынан басқа жұмысшы таба алмайтынын, әуелі келісім болғанын айтып, құжаттарын бермей қояды. Жұмысшылар «адам саудасының құрбаны болдық» деп шағымдана жөнеледі. Адам саудасының фактілері тіркелмесе де, мұндай жағдайда екі тарап та заң бұзған болып есептеледі. Сондықтан жұмыс беруші ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабында «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Ал шетелдік мигранттар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі, яғни рұқсаттарды ресімдемей, заңсыз жеке немесе заңды тұлғаларда жұмыс істегені үшін әкімшілік шара қолданылады немесе депортацияланады. Айыппұлдың көлемі – 34035 теңге.

2018 жылдың 6 айында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу бойынша облыстың көші-қон қызметі бөліністеріне жалпы саны 47 мың 563 (2017 ж.- 24148) шетелдік өтініш білдірген. Осы уақыт аралығында еңбек мигранттарынан жеке табыс салығы бойынша бюджетке түскен қаржы 358 480 822 теңгені құраған.

Жалпы ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасы қызметкерлері адам саудасы деректеріне қатысты 2018 жылы 19 оқиға тіркеген. Оның 1-і ҚР ҚК-нің 135-бабы (жасы кәмелетке толмағанды саудаға салу), ал 16-сы 309-бабы (жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру немесе жеңгетайлық) бойынша тіркелген.
— Адам саудасына қатысты деректер анықталғанда жәбірленуші толығымен біздің қорғаумызда болады. Қылмыстық іс анонимді түрде жүргізіледі. Ал 19 оқиға бойынша тексеру-тергеу амалдары жүргізіліп, процессуалды шешім қабылданып жатыр, — дейді Уәлихан Жәнібеков.

Құжаты түгел, ұйқысы тыныш
Келесі кейіпкеріміздің есімі – Икрам. Ол 6 айдан бері Түркістан облыcына қарасты ауылдардың бірінде, жеке тұлғаның үй шаруашылығында бағбан болып еңбек етіп жүр. Ай сайын 45-50 мың теңге жалақы алады. Жұмысы Икрамның өзіне ұнайды. Бастапқыда аз уақытқа келген Икрамның еткен еңбегі жұмыс берушінің барлық талаптарына сай орындалғандықтан, жұмыс берушімен бір жыл көлемінде бірге жұмыс істеуге келіседі.

Икрам, еңбек мигрнаты:
– Таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс болады. Таңғы, түскі, кешкі астың барлығын жұмыс беруші әкеледі. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін боспыз. Жалақымды әр ай сайын аламын. Жақында осы үйде аспаздың орны босайды. Сол жерге келіншегімді де алып келмекпін. Балаларымыз уақытша ата-әжесінің қолында болады. Басында жұмысқа келген кезде жатсынып, үйге қайтқым келетін. Кейіннен жұмыс берушімен, оның отбасымен жақсы араласып кеттік. Жалақымды қолыма алғанда төккен тердің азабы есіңнен шығып кетеді екен.

Икрамнан «көптеген еңбек мигранттары адам саудасының құрбанына айналып жатады, ал сіз жат елде жұмыс істеуге қорықпайсыз ба» деп сұрадық. Икрам әуелде қорқынышы болғанын жасырмады. Туыстары да құп көрмепті. «Әрбір адам өзінің қадамына сақтықпен қарап, тірлігіне тиянақты болса, барлығы ойдағыдай болады»,-деді ол.
Икрамның айтуынша, ол бұл жұмысты жақын досының көмегімен тапқан. Жұмыс орнын нақтылап, жұмыс берушімен телефон арқылы сөйлесіп барып, Қазақстанға келуге шешім қабылдаған. 1 ай жұмыс істеп, сосын жұмыс берушімен тиісті мекемелерге барып, үй шарушалығында еңбек етуге рұқсат қағазын алуға өтініш білдіреді. Жеке тұлға еңбек мигрантын өз үйіне тіркеп, оған ЖСН нөмірін аштырып, салық төлейді.
– Ал мерзімді ұзартуға бел буған кезде екіжақты еңбек шартын түзіп, сол бойынша жұмыс істейді. Егер жұмыс беруші тарапынан қысым көріп, жалақымды ала алмай жатсам, осы құжат арқылы заң жүзінде ақымды талап ете аламын, — дейді Икрам.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ
ОҚО Көші-қон қызметі басқармасы тел:
35-39-88

ҚР Конституциясы барлығына ортақ
Көші-қон қызметі басқармасының аға инс-пекторы, полиция майоры Жәнібек Мырзалиев те Икрамның сөзін растайды. Айтуынша, еңбек мигранты мен жеке тұлғаның арасында міндетті түрде еңбек шарты жасалуы керек. Егер қос тараптың бірі құжаттағы талаптарға бағынбай, орындамаған жағдайда екінші тарап құзырлы органдарға жүгіне алады.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ
ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасы тел:
98-00-56

Жәнібек Мырзалиев, Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры:
– ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңын сақтап, құқықбұзушылыққа жол бермесе, еңбек мигранттарының құқықтары толықтай ҚР заңымен қорғалады. ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес, еңбек мигранттары бизнес мақсатымен келушілер, маусымдық жұмысшылар, үй шаруашылығында жұмыс істеушілер және тартылған шетелдік жұмыс күші деп бөлінеді. Сонымен қатар, осы заңда көшіп келушілердің (иммигранттардың) құқықтары мен міндеттері бекітілген.
«Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасы-на келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 Қаулысымен реттеледі. Барлық еңбек мигранттары ел ауамғына кіргеннен кейін ҚР Конституциясына бағынады.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№29, 18 ШІЛДЕ 2018 ж.