Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы!. Бірлігі бекем, тірлігі түзу еліміздің айнымас түпқазығы. Ата Заң мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, кемел келешегіміздің кепілі! Конституцияны басшылыққа ала отырып, тәуелсіздігімізді бекемдеп, тамырын тереңге жаюына әрбір азамат атсалысуда.

Бұл даталы күннің сән-салтанатын құрып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Шымкент қаласының әкімдігі де өз үлесін қосты. Түркістан сарайында салтанатты түрде меркелік концерт ұйымдастырылды. Алдымен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Абдірахымов қала халқын айбынды мерекемен құттықтады.
Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Баршаңызды мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституция күнімен шын жүректен

құттықтаймын! Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаматтығымыздың айшықты айғағы – Ата Заң аясында бүгінгі ұрпақ тыныш күнде ғұмыр кешіп, заман талабына сай білім алып, саналы жетіліп келеді. Сондықтан бұл күн – халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке.

Біз заң аясында өмір сүретін елміз. Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Ата Заң – қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры.

Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз, мемлекетімізді нығайту жолында ауқымды істер атқарып, алдымызға мақсат қойдық. Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты және бес институционалды реформасы – Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келе жатқан жүйелі жобалар.

Биыл Шымкент ерекше мәртебеге ие болып, республикалық дербес қала статусына қол жеткізді. Миллионды қаланың бұл жылдары әлеуметтік, экономикалық, өндірістік дамуында тың серпілістер орын алуда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Шымкент Алматы мен Астанадан кейін мегаполис атағы бар Қазақстандағы үшінші қала» дегені біз үшін үлкен абырой ғана емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік. Біз бұл сенімді ақтаймыз!

Ата заңды қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз!

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мереке құтты болсын!».

Қаламызды көркейтуге, еліміздің болашағы жарқын болуы үшін тер төгіп жүрген біратар азаматтарды арнайы мақтау қағаздарымен марапаттады. Еліміз үшін ерек орны бар айтулы мерекенің құрметіне әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.