Шымкенттің бас жоспарын жасау үшін арнайы мекеме құрылады

543

Шымкенттің бас жоспары қайта қаралады. Оны санаулы уақыттың ішінде қарап, Үкіметке ұсыну үшін арнайы топ емес, мекеме құрылады. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен мәжілісте айтылды. Шаһар басшысы төрағалық еткен аппараттың кезекті отырысында бюджет қаржысын игера алмай отырған басқармалардың аты аталып, түсі түстелді.

Шымкент қаласының 2012 жылы қабылданған бас жоспары республикалық мәртебесі бар шаһар үшін жарамсыз болып шықты. Сәулетшілердің айтуынша, бас жоспарға сай 75 егжей тегжейлі жоспары жасалуы тиіс, ал бүгінгі таңға дейін 65-і ғана жасалған. Бас жоспар қаланың болашағын айқындайды, сол себепті қаланың бас құжаты 2019 жылдың жарты жылдығына дейін түзілуі міндетті. Бұл тапсырманы орындау үшін «Шымкент бас жоспар» мекемесін құруға тапсырма берілді .

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Тез арада жаңа мекеме құрыңыздар ол тек қаланың дамуымен айналысуы тиіс. Оған арнайы ғимарат беріңіздер, сәулетшілерді тартыңыздар».

Ал бюджеттің игерілуі көңіл көншітпейді. Үш бірдей басқарма, яғни, құрлыс бөлімі — 350 млн. теңге, энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімі — 342 млн. теңге, ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 720 млн. теңгені игере алмаған. Қала әкімі республика және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмаған басқарма басшыларына ескерту берумен ғана шектелді.

Алдағы жылыту маусымын пысықтаған қала әкімі шымкентікттерді тоңдырмауды тапсырды. Ол үшін коммуналдық мекемелермен әкімдіктегілер бірлесе жұмыс атқарулары тиіс, өткен жылы тапшы болған қатты отынға көбірек көңіл бөлінетін болды. Әзірге қалаға қажетті 96 мың тонна көмірдің 23 мың тонасы жеткізілген. Жауапты мамандар 1-ші қазанға дейін кемшіліктерді толық жоюға уәде берді.

Нұрлан Күдерұлы