Түлкібаста 28 жастағы жігіт жолдасының аяғына оқ атқан

60

Түркістан облысында ер адам досын өлтірмек болып мылтық атқан. Кісі өлтірмек болған жігітке бірінші рет сот үй қамаққа алу туралы санкция берді. Түлкібас аудандық ІІБ-не 20-шы шілде күні 28 жастағы екі жігіт келген. Екеуі де жергілікті тұрғын. Бірі досының аяғына оқ атқанын мойындаған.

Екі жолдастың арасында туындаған жанжал соңы ерегіске, сосын оқ атумен тынған. Екі жігіттің бірінің аяғы жаралы болған. Өздігінен жүріп тұра алады. Бірақ екінші жігіт өз досына шын жүректен кешірім беретіндігін, өзін керісінше, кінәлі сезінетіндігін айтқан.

«Мен ашу үстінде қолымдағы бұрағышпен жолдасыма тап бердім. Ол мені осылай тоқтатпақ болды» деп мәлімдеген «жәбірленуші». Аталған фактіні полицейлер сотқа дейінгі тергеуге ҚР ҚК-нің 99 бабының 1-ші бөлігі, «қасақана кісі өлтіруге талпыну» бабымен, ҚР ҚК нің 24 бабы 3-ші бөлігімен тіркеген. Күдікті қамауға алынды.

Санкция беру кезінде прокурордың өзі бас бостандығынан айырмайтын жаза сұраған. Сот барлық мән жайды есепке ала отырып, айыпталушыға тергеу кезінде екі айға үй қамаққа алуға санкция берді. Қазіргі таңда жәбірленуші мен күдікті тергеу амалдарына бірге қатысып, бір бірі үшін уайымдап жүр.

Жанар Есенбекова