Өңірдегі аптап ыстықта 7 орман өрті тіркелген. Бұл туралы бүгін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өткізген баспасөз жиынында айтылды. Оның басым бөлігі дер кезінде сөндіріліп, оқыс оқиғаның алдын алған.
Қазір өрт шарпыған аумақтың көлемі мен келтірілген шығыны есептеліп жатыр. Соңғы бес оқиға шілденің 23-мен 31 аралығында орын алған. Соның ішіндегі созылмалысы Бәйдібекте тұтанып, Сайрам ауданының тұсында сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ дейді мамандар. Оның бірнеше күнге созылып кетуін болдырмауға да болатын еді дейді мамандар.
Сахит Қынтаев, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы: «Өрт басталған кезде Бәйдібек ауданының азаматтары және орман шаруашылығының мамандары бірден барған. Сөндірген. Бірақ өшіре салып бірден барлығы қайтып кетеді. Еш уақытта орман өртін сөндіргеннен кейін кетіп қалуға болмайды. Ол жерде кезекшілік деген бар. Кемінде бір күн қону керек, өрт болған орында. Өйткені, шоқтар қалады, жел тұрады. Бұл жағдайда да жел тұрып, шоқ ұшып, өрт қайта пайда болады. Сөндіруші топ ұйымдасқанша аумағы көбейіп кетеді».
Сондай-ақ, жиын барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, аң аулау ережелерін бұзғандар жайы да сөз болды. Соңғы жылдары сексеуіл ағашының сиреп кетуі де ортаға салынды.
Әлия Әділбек