Абай облысындағы өрт сөндіруші қазақстандықтарға жанайқайын жеткізді

1785

Абай облысындағы орман өртімен арпалысып жатқан өрт сөндіруші жанайқайын жеткізді. Аптап ыстықта алапат өртпен күресіп жүрген Елдос Нұртазаев есімді өрт сөндіруші арнайы видео түсіріп, оны Instagram парақшасында жариялауға мәжбүр болған.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілерге кейбір адамдар кедергі келтіріп отыр екен. Әсіресе кәсіпкер азаматтар жұмыс істетпей жатқан көрінеді.

«Қазақ елім, сіздерге видеоға шығуға мәжбүр боп жатырмын. Неге десеңіз, кешеден бері өртте жүрміз. Кейбір ағаларымыз келеді де,  «Не істеп тұрсыңдар? Неге жұмыс істемей жатсыңдар?» деп желкемізге тұрып алады. Бұл жұмыс істеп жатқан адамның жүйкесіне қалай тиетінін білесіздер ме? Неге олай желкемізден тұрып аласыздар? Жұмысқа кедергі боласыздар? «Техника неге кірмейді?» дейді. Қалай кіреді ол? Жеңіл машина емес кіріп-шығу оңай болатын, үлкен машина. Егер шыға алмай қалса, адамдар шыға алмай қалуы мүмкін. Сіздерден өтініп сұрайтыным қазақ елім, жақсы ниетте болайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сіздерді дұрыс түсіндіңіздер деп ойлаймын»,-деді ол.

Өрт сөндіруші жас жігіт өзгелердің кедергісіне қатты мезі болған секілді, тіпті өз парақшасының Stories-інде ашынған жазба да қалдырған.

«Репост керек жігіттер! Әйтпесе мұнда ағаларымыз келіп, жүйкемізге тиіп жатыр. Небір бизнесмендер жігіттерге жұмыс істетпей жатыр. Сен үшін емес, халқымыз, жеріміз үшін қызмет етудеміз» деп жазды өрт сөндіруші.

Елдос Нұртазаевтың бұл жанайқайын көрген желі оқырмандары өрт сөндірушіге сабырлық тілеп, тілсіз жаумен күресіп жүрген бүгінгі күннің батырларына алғыс білдірді.

«Алла күш-қуат берсін! Аман болыңдар!», «Оңай емес, батырларға мың алғыс», «Ешкімге мән берме. Сіздерді біз ғана түсінеміз, аман болыңдар!», «Алла жар болсын», «Сіздің паақшаңызды ашып көрген сайын жылап отырмын…», «Отбасыларыңызға аман-есен оралыңыздар», «Алла сіздерге сабыр берсін», «Алла тағала ондайларға сана берсін» деп жазды желі қолданушылары.

Еске салсақ, 8 маусымда «Семей орманы» резерватында өрт шықты. Алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.

Ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.

Өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың туыстарымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын мәлімдеді.