Арақ-шарап мүлде сатылмайтын 20 ауыл бар

17

Түркістан облысында ішімдік сатылмайтын ауылдар қатары көбейіп келеді. Бүгінде өңірде 20 ауыл алкагольсіз өмірге көшкен. Солардың бірі Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылы. Тау етегінде орналасқан елдімекен дүкендерінде жарты жылдан бері алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды.

Қазығұрт ауданында орналасқан Шарбұлақ ауылының тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартқан. Тау етегіндегі елдімекен дүкендерінде жарты жылдан бері алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Мыңнан астам шаңырағы бар ауыл кәсіпкерлері маңайға келген қонақтардың бұған сенбей, қайта-қайта ішімдік сұрайтынын айтады.

Ұлдаш Елшібаева, кәсіпкер: «Адамдар келіп жатады. Ішімдік сұрайды. Бар ма, жоқ па деп сұрап жатады. Осы жақта ешқандай ішімдік сатылмайды деп естігенмін. Шын екен ғой деп кетеді бәрі»

Бұл игі бастаманы ауыл ақсақалдары көтерген екен. Қариялар тәртіп сақшыларымен бірге халыққа алкоголь өнімінің зиян екенін түсіндірген. Тіпті олар той-томалақтарды аралап, үстелге арақ-шарап қойылмауын бақылаған. Содан бері көшедегі маскүнемдер екі қолға бір күрек тауып, спортпен шұғылданатын жастар қатары да көбейген. Ұрлық пен бұзақылық, отбасындағы жанжал жалпы қылмыс атаулы күрт азайған ауылда. Ал, былтыр Шарбұлақ үлгілі ауыл атаныпты.

Құлжан Аширов, Шарбұлақ ауылының әкімі: «Біраз жылдан бері ауылдағы дүкендеріміз ішімдік сатуды шетінен тоқтатты. Әрине оған ауылдың ақсақалдары, жастары, ауыл билері атсалысты. Ішімдік тоқтағаннан кейін сөзсіз онша-мұнша қылмыс та тоқтады. Отбасындағы дау-дамай да тоқтады. Әрине ел болғаннан кейін кішігірім түсінбеушіліктер болады. Бұндай жағдайларда ақсақалдармен өзара шешуге әрекет жасаймыз»

Бүгінде Шарбұлақты қосқанда Түркістан облысында бас-аяғы 20 ауыл алкогольсіз өмірге көшкен.