Қазақ әлемі Түркістан топырағынан басталады. Белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетайдың бұл сөзі Түркістанның мән-маңызын айқындап-ақ берді. Түркі халықтарының қайнары әрі облыс орталығы Түркістанда «Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Түркістанның өткені турасында айтары бар тарихшылар мен археологтар, сәулетшілер мен суретшілер жиналды.
Осыдан 7 жыл бұрын, дәлірегі 2011 жылы 20 маусымда Түркістанның Бас жоспары бекітілді. Сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов твиттер-парақшасында «Түркістан. Қазақтар үшін ерекше қала. Бас жоспарды бекіттік», — деп те жазды. Бас жоспарды сол тұстағы ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов таныстырды.
Енді міне арада жеті жыл өткеннен кейін Түркістан – Түркістан облысының орталығына айналды. Тарихи қала енді дамыған қалаға айналатындықтан Бас жоспары да өзгеріп, қайта бекітіледі. Апта уақыт бұрын Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспар концепциясын әзірлеуге халықаралық конкурс жарияланды. Мемлекеттік комиссия конкурсқа ұсынылған жобаларды қарап, қажетін таңдап, Түркістан қаласының Бас жос-парын дайындайды. Сосын шамамен жыл соңына дейін бекітіледі.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынан білгеніміз – Түркістан қаласы үш аумаққа шартты түрде бөлінеді. Ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан жер мен айналасындағы барлық тарихи-мәдени нысандарды біртұтас туристік кешенге айналдырады. Екіншісі, Түркістан халқының қоныстанған мекенін де ортаазиялық шығыс мәнеріне келтіреді. Үшіншісі, Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығы салынады. Бәрінің сәулеті бір стильге бағынады.
Әкімнің аузына салсақ: «Әр үйдің, әр ғимараттың стилін бекітеміз. Бұл үшін шығыс стилдерін жинақтап, ортақ қазақ стилін ойластырамыз».
Бұған дейінгі Бас жоспарға сәйкес әкімшілік-іскерлік орталық қаланың Шымкент жақ беттен кіреберісінің оң жағына түсетін еді. Десе де Жансейіт Түймебаев дөңгелек үстел барысында Түркістан қаласының картасына қарап, әлі ештеңенің нақты бекітілмегенін айтты.
«Мұның бәрі әлі белгіленген жоқ.Жоспар. Әкімшілік-іскерлік орталық осы аумақтың біріне түседі. Оның бәрін комиссия қарайды. Соның бір жобасы мынау» деп әкімшілік-іскерлік орталықтың алдын дайындалған макетін де көрсетті.
– Сәулетшілер неше түрлі ұсыныстар беріп жатыр. Бәрін комиссия қарап, шешеді. Негізгісі – ортағасырлық, ортаазиялық стильге бейімделген, шығыс үлгісіндегі қалаға жақындауы керек. Мына ғимарат үлгілерінің ешқайсысы бекітілмеген. Жоба. Қиялға ешкім шектеу қоймайды. Жоба макетіне қарасаңыз, біздің архитекторлар Астананың сол жағалауының сәулетінен көшіріп алған сияқты көрінеді. Ал мына ғимаратты Ташкенттен көшіріп алған ба дерсің. Енді еліктейді ғой. Еріксіз түрде қалай салғанын білмей қалады. Сондықтан былай қарасаңыз, тура Нұржол бульварына ұқсайды. Мына ортадағыны Бәйтерекке ұқсатып жіберген, мынау Министрліктер үйіне ұқсап кеткен. Бірақ, «көшірген жоқпын» деп айтпайды. Бір ескерер жайт — қазіргі жобаға сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталық Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойына түскен. Яғни, Шымкент-Қызылорда тасжолының оң жағында жатыр. Ал қаланың негізгі бөлігі автобанның сол жағында. Екеуі екі жақта қалып қойғаны қалай болар екен,-дейді әкім.
Тағы бір анық нәрсе — Түркістанда биік ғимараттар салынбайды.
«Түркістан қаласында салынатын тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді. Түркістан қаласындағы қажетсіз құрылыстың барлығы тоқтатылады»,-деді Ж.Түймебаев.
Өңір басшысының тағы бір айтқаны — мұнда әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және шығыс мәнеріндегі қонақ үйлер, дәмханалар салынады. Демек болашақта Түркістанның өз әуежайы болады. Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір нысаннан салып, сыйға тартады.
Сіз не дейсіз?
Бауыржан Байтанаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Түркістанның төңірегі – тұнған тарих. Қаланың Бас жоспарын әзірлегенде археологтар, реставраторлар, сәулетшілер қала картасында қай жерде қандай археологиялық қазбалар жүргізілгенін, қандай тарихи ескерткіштер табылғанын, қандай тарихи орындар барын көрсетіп, белгілеп беруі қажет. Әйтпесе, кейін сол тарихи ескерткіштер жойылып кетуі мүмкін. Түркістан топырағы – археологиямен тығыз байланысты. Мына Шойтөбе көне қаласының аумағынан теміржол түседі екен. Археологтармен кеңесіп, оның мәдени қабаты қай жақта, қорғау зонасы қай жерде және тағы басқа шарттарын ақылдасқан жөн. Бас жоспарды әзірлегенде бар тарихымызды жоғалтып алмайық.
Құлбек Ергөбек, филология ғылым-дарының докторы, профессор:
– Жаңадан салынатын әкімшілік-іскерлік орталық үлкен халықаралық жолдың бойына түсіпті. Қала ішімен өзен ағып жатса, ол – керемет. Сондықтан әкімшілік-іскерлік орталықты Қаратаудың етегінен салуды ұсынамын. Өйткені, Қаратау – адамзаттың талбесігі. Тағы бір мәселе — өсетін Түркістанды қазіргі таңдағы су жүйесі қамти алмайды. Түркістанды сумен қамтамасыз ету жүйесін ретке келтіру керек. Қаратау етегінде бұлақ көп болған. Соны қалпына келтіріп, бұлақ көзін ашып, су тарту қажет. Екіншіден, Түркістан – үлкен теңіз үстінде орналасқан қала. 1000 метр тереңдікте өте үлкен жер асты су қоры бар. Ұңғыма қазып, су шығаруға болады.
Досай Кенжетай, философия ғылым-дарының докторы, профессор:
– Түркістанда туризмді дамыту үшін, ең алдымен – Яссауи мәдениетінің қабаттарының мазмұнын қайтадан анықтауымыз керек. «Астана» деген ұғым бар. Тарихта бұл жер «Асситане и Сағадет» деп аталған. Яғни, «Бақыттың астанасы» делінген. «Астана» сөзі парсы тілінен аударғанда «Аллаға ашылған қақпа» мағынасына келеді. Екіншіден, бұл жер «Асситане и Сағадет» болғандықтан, осында бүкіл хандар жиналған. Себебі «Бақыт астанасының есігінде жату» деген үлкен сенім болды. Мұнда 21-ден астам хан мен би-батырларымыздың жерленуінде де осы дүниетаным жатыр.
Еркін Жүсіп, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Әкімшілік-іскерлік орталықтың әзірге қайда түсетіні анық белгісіз. Бәрі конкурстан кейін белгілі болады. Жоспарымызға қарай, қаланың аумағы 3 есеге өседі. Бас жоспарды толық жасауға 350 млн теңгеден астам қаржы керек. Қаланы салуға қанша қаржы жұмсалатыны да Бас жоспар бекітілгеннен кейін белгілі болады. Қазіргі жоба бойынша 250-300 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Қазіргі әкімшілік-іскерлік орталық жобасын бір топ сәулетшілер дайындаған. Түркістанның өз ерекшеліктері бар. Бәрін қайта қараймыз. Үйлердің биіктігіне қатысты нақты шешім жоқ. «Ғимараттардың биіктігі 3-5 қабаттан биік болмайды» деп ойлаймыз.
Жәнібек Нұрыш
«Оңтүстік Рабат» газеті
№29,18 ШІЛДЕ 2018 ж