Шымкенттегі «Қырғы базар» адам танымастай өзгереді. Бұл туралы қалалық Әл Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді. Айтуынша, қазіргі базарды Орта Азияда теңдесі жоқ ең ірі сауда орталықтарына айналдыру көзделуде. Ол үшін қазір түрлі архитектуралық эскиз-идеялар қаралып, шығыс стиліндегі ғимарат таңдалып алыныпты.
Нысанның ішінде 3 қабатты автотұрақ салынбақ. Жаңа сауда орыны Өзбекстан мемлекетімен тікелей қарым-қатынас орнататын болады. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, заңсыз сауда дүңгіршектері орналасқан жерде Арбат саябағы тұрғызылып, базардың басқа да мәселелері шешіліп жатыр.
Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Ретсіз сауда дүңгіршектерінің орнына жасыл желек отырғызылып, гүлзарға айналдырылмақ. Орындықтар қойылатын болады. Шәмші аллеясынан «Қырғы базарға» дейін баспалдақ салынады. Жекенің қолындағы жерді коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр».
Айта өтейік, статистика бойынша «Қырғы базарға» күнделікті 30 000 адам сауда-саттық жасайды. Енді ондағы сыйымдылықты ескеріп, 3,5 га ауданды құрайтын нысан тұрғызылмақ. Оның ішінде саудагерлердің қоймаға кіруі үшін арнайы Фейс контроль мен саусақ іздерін анықтайтын тач ай ди жүйесі орнатылады. Қолға алған жоба іске асса, 2 жылдан соң шымкенттіктер алып ғимаратта сауда жүргізетін болады.
Айя Мүтәлі