Жаңғақ саудасы: Тәртіптік кеңесте тәртіп сақшылары жазаланды

133

Шымкенттегі «Қырғы» базар аумағында жаңғақ сатқан әжейге дөрекілік көрсеткен тәртіп сақшысының әрекеті жайлы бейнежазба қоғамда қызу талқылауға ұласты. Осыған орай, Шымкент қалалық Полиция департаментінде тәртіптік кеңесте тәртіп сақшыларының мәселесі қаралды.

Өзін Фатима Бектенова деп таныстырған әжей полицейге «балама қоңырау шалып берші деп өзім өтіндім» дейді.

Алмас Әмзеев, Шымкент қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары: «Күні кеше әлеуметтік желілерде Әл Фараби аудандық ІІБ учаскелік полицейлерінің әжейге дөрекілік көрсеткені жайлы жазба тарады. Өте кең ауқымда талқыланды. Түсінбеушіліктер көп. Осы мәселеге қатысты департаменті басшысы тарапынан қызметтік тексеру жүргізу туралы тапсырма берілді».

Д. Мырзахметов, Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары: «24 қазан күні инстаграм әлеуметтік желісінде желі қолданушысы тарапынан Төле би көшесіндегі Қырғы базар аумағында полиция қызметкерлері тарапынан дөрекілік көрсеткені жөнінде бейнежазба жарияланды. «Мөлдір» сұлулық салоны алдында орнатылған баспалдақ астында  Әл фараби аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызмет бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Мүлкібаев Жұлдызбек Дүйсебекұлы, учаскелік полиция инспекторы Тұрмағанбетов Ғалым Дәндібайұлы жергілікті атқарушы орган белігеленбеген жерден тыс орында жаңғақ өнімін сатып отырған 1947 жылы туылған Бектенова Фатима Баймұратқызына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 бабы 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтыру барысында азаматша Бектенованың учаскелік полиция инспекторына қарсылық білдіріп, құжатын ұсынбай қойғаны белгілі болды. Полиция инспекторы өз түсініктемесінде әжейге әрекетінің заңсыз екенін ескерткенін, өз тарапынан ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын айтып көрсеткен. Қызметтік тексеру барысында екі полиция қызметкерінің мәселесін Әдеп кодексінің негізінде ПД ұсынып отырмын».

Мәселесі қаралып жатқан тәртіп сақшысының бірі 25 учаскеге бір апта бұрын ғана ауысқан екен. Ретсіз саудаға қарсы рейдке бірнеше рет қатысқан. «Әжей естімей жатырмын» деген соң дауысым қатты шығып кеткенін мойындаймын» деді. Тәртіп сақшысы әжейден кешірім сұрады.

Кеңес барысында әжейдің ұлы жедел басқару орталығында істейтіндігі белгілі болды.

«Шымкент қаласы Полиция департаменті тәртіптік комиссиясының шешімімен қызметкерлердің бірі Ж. Мүлкібаевқа қызметтік міндеттерді толық орындамағаны туралы ескерту берілді, ал Ғ. Тұрмағанбетовке сөгіс жарияланды», – деді Шымкент қаласы ДП бастығының орынбасары Алмас Әмзеев.