Арыс ауданы, Байтоғай елді мекенінде суға кеткен ер адамның мәйіті табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметіне 26-қыркүйек күні таңғы сағат 7-лер кезінде ер адамның суға кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

Оқыс оқиға орынына келіп жеткен төтеншеліктердің (6 құтқарушы-сүңгуірі) жедел іздеу шараларының нәтижесінде, 1992 жылы туған ер адамның мәйіті табылған.

Ерғали Бахаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Суға кеткен Сарыағаш ауданының тумасы. Балық аулауға үш жігіт болып шыққан. ТЖД жедел құтқару жасағының сүңгуірлері денесін алып шықты. Судан ап шыққанда, үстінде киімі мен аяқ қиімі болған. Соған қарағанда, шомылу үшін емес, балық аулау үшін барған. Қазіргі таңда, арнайы сараптамалар тағайындалды».

Белгілі болғанындай, 25-қыркүйек күні Арыс ауданы Байтоғай елді мекеніне үш жігіт кешкісін балық ауламақ боп келген. Суға қайықпен шығып, балық аулаған үшеудің біреуі — өз алдына жеке кеткен көрінеді. Күн батып, кеш қарайғасын қасындағы серіктері іздей бастаған. Түні бойы өз беттерінше іздеп таппаған олар құтқарушыларға хабар берген. Төтенше жағдайлар департаментінің 6 құтқарушысы іздеу жұмысына кірісіп, жоғалған жігіттің мәйітін тауып отыр.