Мұғалімдер бірыңғай киім үлгісіне ауысты

1720
Фото inform.kz

Қостанай қаласында бірқатар мектептің педагогтары бірыңғай киім үлгісіне ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай жаңалықтары сайтына сілтеме жасап. Бірыңғай киімге киінген №1 мектеп-лицейдің, №3 гимназияның, С.Мәуленов атындағы гимназияның, №18 және 21 мектептің ұжымдары форманың түсін және үлгісін өздері таңдаған.

Қостанай әкімдігі білім беру бөлімінің басшысы Василий Цымбалюктің айтуынша, ұстаздардың бір стильді киім үлгісіне өтуі бойынша статистика жүргізілмейді. Себебі бұл «жоғары» жақтың бұйрығы емес, әр ұжымның өз бастамасы. Дегенмен, бұл бастаманы құптауға тұрарлық деп есептейді. Себебі, ұстаздар осылайша оқушыларға үлгі болуда.

«Біздің ұжымда әйелдер көп, сондықтан форма жакет пен белдемшеден тұрады. Мереке күндері және жиналыстарға ақ жейде кию міндетті. Ал қалған күндері басқа түсті жейделерді ауыстырып киюге болады. Біз ата-аналардан мұғалімдердің формасы ұнағанын естіп жатырмыз», — деді №21 орта мектептің директоры Анар Қабдулинова.