Елімізде тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны басталғанына үшінші күн. Науқанға қатысуға шымкенттіктерді үгіттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары тілшілердің басын қосып, медициналық мекеме таңдаудың жаңашылдығын мен талаптарын түсіндіріп берді.

Денсаулық сақтау саласының мамандарының сөзінше, жылдан жылға емханаға тіркелгендердің саны көбеюде. Мәселен өткен жылы тіркеу науқаны
барысында емхана таңдау құқығын пайдаланған тұрғындар саны – 25 мыңнан асқан.Медициналық көмекке мұқтаждардың саны жылдан жылға көбеюі қызметтің көлемін арттыруға себеп болуда дейді мамандар.

Нұрлан Қасымов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

«Біздің қазір саясатымыз мемлекеттік болсын жекеменшік болсын дәрігерлерлік амбулатория ашып, халық санының көбеюіне орай дер кезінде медициналық көмек көрсету. Әрі халыққа медициналық көмекті жақындату. Сондықтан жекеменшік әлде мемлекеттік болсын мекемеде дәрігерлік амбулатория ашу керек».

Айта өтейік, емханаға тіркелу үшін жеке басыңызды куәландыратын құжатпен емханаға барып, бас дәрігердің атына өтініш жазасаңыз болғаны. Болмаса, «Электронды үкімет» , яғни egov порталы арқылы да тіркелуге болады.
Қазіргі таңда қазақстандықтар емханаға тіркеудің үш түрлі жолын пайдалана алады. Таңдап алған емханаға тікелей бару арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Connection point» бөлімі арқылы. Емханаға барып тіркелу үшін жеке куәлік талап етіледі. Тіркеу бөлімінде емхананың бас дәрігері атына өтініш толтырасыз. Бұдан басқа құжаттың қажеті жоқ.Отбасының өзге мүшелерін тіркеу үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет.

Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 67 ұйым қатысып жатыр. Ал, 2017 жылы медициналық көмек көрсетуге 57 медициналық мекеме белсенділік танытқан болатын. Яғни, биыл медициналық қызмет беруші ұйым қатарына 10 мекеме қосылды.

Лаура Мамырова