«Оңтүстік Жарық Транзит»-те жаңғырту жұмыстары жанданып жатыр

706

Бүгін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қызметкерлері мен монополияға қарсы департаменті өкілдері бірлесіп, журналистерді электр желілерінің жаңартылу инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Бағдарламаға сәйкес, электр жарығымен қамтамасыз ететін инфрақұрылым элементтері мен ескі құрылғылар жаңартылу керек. Бұл – өңір жұртын үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету мен тасымал кезінде электр энергиясын жоғалтпауға сеп. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс та қарқынды.

Электр желілерін модернизациялау инвестициялық бағдарламасы аясында, 2015 жылы «Нұрсәт» жабық типті шағын станциясы іске қосылған еді. Бұл бекет бірнеше шағынауданды электр жарығымен қамтамасыз етеді. Құрылысы кезінде жаңа технологияны пайдаланыпты. Бұрынғы подстанияларға қарағанда мұнда барлығы автоматтандырылған. Барлық процесс компьютермен бақыланады.

Дәулет Ибраев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС коммерциялық директоры: «Бұрынғыдай емес, қазір барлығы компьютер арқылы бақыланады. Баяғыдай мұндай подстанцияларды 3-4 адам емес, бір ғана адам басқарып, меңгере алады».

Бұрынғы маймен жұмыс істейтін тарнсформаторлардың орнына бүгінде заманауи элегазды құрылғы орнатылған. Қолданылуы мен қызмет көрсетуі анағұрлым жеңіл де, тиімді. Осылайша мыңдаған тұтынушыны электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған шағын станцияны бір ғана адам басқарады.

Иван Пивоваров, «Нұрсәт» подстанциясының кезекші электригі:» Мұнда дабыл тетігі іске қосылады. Біз дереу диспетчерге хабар береміз. Сол жақтан бұйрық келісімен іске асыруға кірісеміз».

«Забадамская» шағын станциясы 1984 жылы пайдалануға берілген. Жұлдыз, Забадам, Қарабастау, Ақжар және басқа да шағынаудан тұтынушыларын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл нысан да жаңғыртудан өтіп, бүгінде 60 мың тұтынушы, орта және шағын кәсіпкерліктің 245 нысанына қуат беріп отыр. Жалпы, жаңғырту бағдарламасы 2022 жылға дейін жалғасатын болады. Бұл тұрғыдағы ауқымды тірлік кезең-кезеңімен жүргізілмекші.

Дәулет Ибраев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС  коммерциялық директоры: «Сондай-ақ әртүрлі кернеулі 4 мың км желілер жаңғыртылатын болады. Қолға алынып отырған ауқымды жобаларымыз жетерлік. Бастысы, барлығы да халықтың игілігі үшін».

Инвестициялық бағдарламаны іске асыруда энергетиктер жыл сайын 5 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Жұмыс барысын монополияға қарсы департаменттің мамандары қадағалайтын болады.

Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде, энергетиктер электр энергиясы тасымалы кезіндегі шығынды қысқартып, желілердің өткізгіштік қабілетін арттыруға қол жеткізілді. Жаңа тұтынушыларды қамтамасыз етуге де қосымша қуат көзі арттырылды.

***жариялау ақысы төленген