Еліміздегі үшінші мегаполис — Шымкентте қала агломерациясын дамытуға басымдық беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаһар аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық һәм инфрақұрылымдық мәселелерін шешу — басты міндет. Ауқымды жұмыс Шымқаламен қатар, Түркістан облысының 367 елді мекені орналасқан 7 ауданды қамтиды. Бұл 1,5 миллион гектар аумақ. Ал миллион тұрғыны бар шаһар Солтүстік-Батыс және Шығыс бағытқа қарай дамиды. Қазір Шымкенттің іргесіндегі «Шым сити» қалашығын өркендетуге күш салынып жатыр. 420 гектарды алып жатқан аумақта 316 нысан бой көтереді. Шаһардағы ең биік 25 қабатты зәулім үй де осында тұрғызылмақ. Қалашықта 70 мың адам қолжетімді баспанамен қамтылады деген жоспар бар. Тұрғын үйден бөлек 61 гектар жерге саябақ салынады. 21 балабақша бой көтереді. Сосын Қошқар ата өзенінің жағалауы жаңа келбетке енеді. Онда «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында «Қошқар ата» тұрғын үй кешені бой көтереді.
Шерхан Пірімқұлов, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы: «Бұл жоба Шығыс пен Батыстың сәулеттік жобаларын және қаланың географиялық жағдайын ескере отырып, үйлестіре жасалған жоба болып есептеледі. Жобада үлкен кино концерт залдары, емхана, балабақша, мектептер және тағы да басқа кәсіптік нысандар қарастырылған. Бұл бойынша инженерлік жүйелер жүргізіліп, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы салынып, игеріліп жатыр».