Шымкенттің теміржолшыларында не арнайы, киім не қажетті құрал жоқ — прокуратура

481
Фото temirzholy.kz

Шымкентте теміржол саласында еңбек ететін жұмысшылар арнайы киіммен және техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы осы саланың жұмысына тексеру жүргізген Шымкент қаласының көлік прокуратурасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент көлік прокуратурасы теміржол мекемелерінде жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылғандығын анықтады. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның — «Шымкент магистралдық желі бөлімшесі» филиалының жұмысшылары Еңбек кодексінің және ұжымдық келісімшарттың талаптарына қайшы арнайы киімдермен және жеке қорғау құралдарымен толықтай қамтамасыз етілмеген. Мысалыға алсақ, осы жылы жұмысшылардың 38% ғана жаздық арнайы киімдер берілген, ал жеке қорғау құралдарымен олардың тек 4% қамтылған»,-делінген көлік прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Хабарламада сонымен қатар қабылданған прокурорлық шаралар нәтижесінде 2 106 жұмысшыға арнайы киім, аяқ киім, жеке қорғау құралдары, тазартқыштар мен дезинфекциялаушы құралдар толығымен берілгендігі айтылған. Жауапаты лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылып, көлік инфрақұрылымы мекемелерінде азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы прокуратураның қатаң бақылауына алынған.