Теміржолдан да қауіпті өткел…

898

Теміржол – қауіпті аймақ. Алайда оны ескеріп жатқандардың қатары аз. Әсіресе, шойын жолға жақын орналасқан аумақ тұрғындары ережені ескермей, жолды кесіп өтеді. Соның салдарынан мерт болатындардың саны кемір емес.

Осындай олқылықты алдын алуды ескерген желілік полиция өкілдері көлік прокуратурасымен бірлесіп, түсіндіру шарасын өткізді. Ең қауіпті аймақ саналатын Қызылсай шағынауданы тұрғындарын жинап, теміржолды кесіп өтпеуге шақырды. Алайда, жерасты өткелінің жағдайы жаяу жүргіншіге қауіпті екенін алға тартқан тұрғындар туннельді жөндеп берсе деген тілектерін жеткізді.

 

Сағат сайын толассыз қатынайтын пойыз жолы тұрғындарға қауіпті. Әсіресе, Қызылсай станциясының маңы арнайы қоршауға да алынбаған. Сондықтан болар, жаяу жүргінші теміржолды емін-еркін қатынас көзіне айналдырып алған. Арлы-берлі шойын жолды кесіп өтетіндер саны артып отыр. Талай ескерту жасалып, қайғылы оқиғалар орын алып жатса да ағайын айылын жимапты.

Олжас Қалқабаев, ішкі желілік басқармасының бас штаб инспекторы: «Жолды кесіп өткен жаяу жүргіншілерге ең алдымен ескерту беріледі. Оған құлақ түрмесе, әкімшілік шара көріліп, айыппұл сылынады.»

Өткелден өтуге кеңес берілген жиынға келгендер көлікшілердің алдында мәселелерін көлденең қойды. Теміржолды кесіп өтпеуге амалдары жоғын ашып айтты. Өйткені туннель шойын жолдан да қауіпті көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өткел іші тас-қараңғы, балалардың өтуіне қауіпті. Кейде қаңғыған иттер мен мастар көп болады екен.

Жолының нашарлығы, жарығының жоғы жандарына батқан ағайын бала-шағалары үшін қорқады. Жолдың азабын тартқандар теміржол аумағын қоршап, арнайы өткелді жөндеп беруін сұранады. Ал жауаптылар әр адамның өмірін өзіне жүктеді. Сақтыққа шақырып, ереже бұзудан аулақ болуға үгіттеді.

Сейдахмет Мусиров, Шымкент қалалық көлік прокуратурасының аға прокуроры: «Бұл іс-шара көліктегі мекемелердің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Теміржол – қауіпті аймақ. Әр азамат өзін-өзі қорғауы керек. Аталған теміржолдан өту кезінде барлық ережелерді сақтауы тиіс.»

Айта өтейік, биыл дәл осы Қызылсай станция аумағында бір азаматшаны пойыз қағып кеткен. Оқиға орнында мерт болған марқұм, құлаққаптың кесірінен жүрдек пойыздың дауысын естімей, қаза болған болуы мүмкін.