Татуластыру бөлмесінде дау бітімгерлікпен бітеді

313

Шымкенттегі Қаратау аудандық сотында азаматтарға арналған фронт офис жұмыс істейді. Соттан бөлек, адвокат пен медиация қызметі тараптарға ұсынылады. Сондай- ақ Қаратау аудандық сотының татуластыру бөлмесінде медиация тәртібімен тараптар сотқа дейін бітімгерлікке келіп, өзара дауды шешуге мүмкіндік алады. «Фронт офиске күн сайын 10-15 шағым келіп түседі» дейді судьялар.

Сотқа арызданып келушілерді фронт офисте ресепшн қызметкері қарсы алып, бағыт бағдар береді. Мұнда медиация мен адвокат қызметі ұсынылады. Кәсіби медиаторлардың күн сайынғы кезекшілігі бекітілген. «Бұл даулардың сотқа дейін жетпей, өзара бітімгерлікпен аяқталуына үлкен сеп» дейді медиатор.

Тараптардың табанынан тозбай, сотқа сандалмаудың тағы бір жолы Қаратау аудандық сотындағы татуластыру бөлмесі. Бұл бөлмеде татуластырушы судья талапкер және жауапкерді жан жақты тыңдап, бір мәмілеге келуге шақырады. 37 жауапкердің ресми өкілі ретінде сотқа келген Жәнібек Мұқашев сотқа дейін қос тараптың ортақ келісімге келгеніне қуанышты екендігін айтады.

Жәнібек Мұқашев, жауапкер тараптың өкілі: «Татуластыру бөлмесінде талапкермен бір мәмілеге келе алғанымызға ризамын. Судьяларға рахмет. Жан – жақты түсіндіріп, бітімгерліктің артықшылықтарын ұғындырып берді. Соның арқасында уақытымыз да үнемделді. Баж салығын да төлемейтін болдық».

Медиацияға жүгініп, татуласатын тараптардың уақыт ұтып, жүйкесі жұқармайды. Одан бөлек сотқа жүгіну үшін мемлекетке төленген баж салығы арызданушыға қайтарылып беріледі. Қаратау аудандық сотында фронт офис пен татуластыру бөлмесіне келген талайдың тірлігі осылай біткен.

Татуластыру бөлмесіне 14 қылмыстық іс қаралған. Соның 10-ы бітімгерлікпен аяқталыпты. Ауырлығы орта және одан төмен қылмыстық істер де медиация тәртібімен шешілуге жатады дейді судьялар. Сондықтан да Шымкенттегі базалық сот Қаратау аудандық сотындағы азаматтарға арналған фронт офистің қызметі тараптар үшін тиімді екендігін уақыт дәлелдеп отыр.

Жанар Есенбекова