Зейнетақы қорына қатысты сауалдарыңыз болса…

500

Бүгін, 20-қыркүйек, таңғы сағат 9-00-ден бастап,  «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның барлық бөлімшелерінде ашық есік күні өтті. Игі шара Республикамыздағы зейнетақы жүйесінің 20 жылдығына арналған. Сала қызметкерлері келушілерге зейнетақы қорының жетістіктері мен негізгі қызметтері жөнінде кеңінен айтып, жолдаған сауалдарына жауап берді.

«ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл: тарихы мен даму бағыттары» тақырыбындағы бұл шараға келушілер де көп болды. Мәселен, қала тұрғыны Шакура Қадырқұлованың педагогика саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар. Ал зейнетке шыққанына биыл – 6 жыл.

Шакура Қадырқұлова

Шакура Қадырқұлова, зейнеткер: «1998 жылдан бері, осы зейнетақы қорына тиісті төлемді аударғанмын. Сондықтан, бүгін бізді шақырып, осылай кеңес айтып жатқанына дән ризамын. Зейнетақыдағы өзгерістерді айтып, маңызды мағлұматтан да хабардар етті. Рахмет!»

Сала мамандарының айтуынша, шараға қатысушылардың дені жинақ қаражатын алу жолдары, зейнетақы төлемдерін іске асыру тәртібі жайлы сұрақтарды қойған. Сондай-ақ, оларға соңғы енгізілген жаңа ережелер бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Мәселен, биыл шілде айынан бастап, базалық зейнетақы қоры еңбек өтіліне байланысты есептелетіндігі, қорға жиналған зейнетақы жарнасы ескерілетініне де мамандар толығырақ тоқталыпты.

Айта өтетін ақпарат, ашық есік күні бір күнмен шектелмейді. Қала жұртшылығы зейнетақы мәселесі бойынша мазалаған сұрақтарын кез келген уақытта жолдап, мекеме қызметкерлеріне жүгіне алады. Одан бөлек, зейнетақы жарнаңызды электронды әдіспен де қадағалап отыруыңызға болады. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша, барлығы 1 миллионнан аса адам жеке зейнетақы қорын ашқан. Оған осы күнге дейін жалпы соммасы 594 млрд. теңге жинақталыпты.