Жылу орталығы инвестициялық бағдарлама бойынша жөнделуде

373

Евразиялық топтың құрамындағы «Энергоорталық 3» АҚ жоспарға сәйкес инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Кәсіпорында бүгінде станция жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Бүгін кәсіпорын аумағында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Инвестициялық жоба аясында №1 турбоагрегаттың және электролиздік қондырғының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде.

Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында жаңғырту жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. 2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өңірдегі департаментімен «Энергоорталық3» АҚ-мен 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген болатын. Қондырғыларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 673 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Ал биылғы жылға бөлінген 143 млн. теңге кезең кезеңімен игерілу үстінде.

Жансерік Ерботаев, «Энергоорталық 3» АҚ цех басшысы: «Орталығымыз жеке тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелердің 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Қыстың күндері сағатына 6 мың тоннадай ыстық су жібереміз. Жаздың күні де ыстық су береміз. Жылыту маусымына турбогенераторымыздан басқасының бәрі дайын. Станцияның төңірегінде 12 скважина орнатылған. Химиялық цехта өңдеп, су дайындап береді. Біз оны қаланың жылу жүйесін толтыруға пайдаланамыз».

Бүгінде жылу беретін орталықта жөндеу жұмыстарын павлодарлық «Гарант сервис» серіктестігі жүргізуде. Қазан айының аяғына дейін жөндеуді аяқтап, тапсыруы тиіс. Үш қазандықты және қондырғыларды жөндеу жұмысы кестеден кешікпей, өз уақытында аяқталмақ. Бұл дегеніңіз суық мезгілі де жайлы дегенмен де, тосыннан қысып беретін қыста қысылмай шығудың төте амалы.

Нұрмұхамед Бекмұрзаев, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы: «Инвестициялық бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын халыққа нақты көрсету үшін баспасө туры ұйымдастырылды. Шекті тарифті көтермеу үшін «Энергоорталықпен» меморандумға отырып, тиісті жұмыстырды атқарудамыз. Тариф көтерілмейді. Оның қымбаттамауы үшін жұмыстар жүргізілуде».

Инвестициялық бағдарламаның арқасында қаланы жылумен қамтамасыз ететін орталық жөндеуден өткізіліп, тұрғындардың қыстан қысылмай шығуына септігін тигізбек. Әрі жауапты мекеме мамандар жылу ақысы көтерілмейді деп отыр. Қымбатшылық қысып тұрған шақта бұл да болса тұрғындарға көп көмек болғалы тұр.

Гүлжан Жұмаш