ЖЭО апаттардан кейін Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданбақ

30

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылу электр орталықтарындағы апаттардан кейін Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды.

«Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр», – деді Тоқаев парламенттің бірінші сессиясында.
Айтуынша, оның тапсырмасымен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.
«Қазір мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозуы салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады», – деді президент.
Оның пікірінше, елдің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыру қажет.
«Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс», – деді Тоқаев.
Жоспарда 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар да қамтылады.