2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі енгізіледі

290
inform.kz/

2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау  министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзекті проблемалардың бірі азаматтардың дәрілік қамтамасыз етілуге құқықтарын сақтау болып табылады. Біз халықтан түскен 3000-нан астам шағымға талдау жүргіздік. Олардың негізгі себептерінің бірі — дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлаудың тиімсіз жүйесі, дәрілік қамтамасыз ету рәсімдерінің ашық болмауы», — деді министр.

Оның айтуынша, 2016-2017 жылдары 11 өңірде жалпы 4,3 млрд теңге сомасында дәрілік заттардың қалдықтары анықталған.

«Мемлекеттік бағдарламада көзделген азаматтарды дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналарды қамтамасыз етеді: барлық тегін дәрі-дәрмек беру дербестендірілген электрондық есепке алынады; Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті ілкі қадағалау жүйесі енгізіледі», — деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға өту қамтамасыз етілетін болады.