SONY DSC

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 40-қа жуық мүшелері «Ынтымақ шеруі» жобасы аясында Түркістан облысына және Шымкент қаласына келді.

Құрамында ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері және журналистер енген жетісулық делегацияны кеше Түркістандықтар ерекше ықыласпен қарсы алып, Отырар ауданындағы және Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарымен таныстырды.
Бүгін қонақтар Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өзара тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы ассамблея мүшелерімен кездесті.

Басқосуда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов алматылық делегацияға қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Өз кезегінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен және Шымкент қаласының республикалық мәртебеге ие болуымен құттықтап, «Ынтымақ шеруі» жобасының маңызына тоқталды.

«Алматылық ассамблея мүшелері оңтүстік өңірдегі оңды істермен танысып, тың бастамаларға куә болып жатыр. Елдің берекелі бірлігін нығайтуға бағытталған игі іс-шаралар аз емес екен. Мемлекет басшысы айтқандай елдің берекелігі мен ырысты ынтымағы дамуымыздың негізі. Осы бағытта Түркістан облыстық және Шымкент қалалық ассамблея мүшелерімен бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісіп отырмыз», — деді Ғабит Тұрсынбай.

Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Людмила Хочиева жергілікті халықтың қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, оңтүстіктегі ассамблея мүшелері қолға алған «Қазақ дастарханы», «Халықтық бренд», «Достық керуені» секілді жобалардың өзге өңірлерге үлгі болатын жеткізді.

Іс-шара аясында Алматы облысының этномәдени бірлестіктері жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды. Одан кейін қонақтар Шымкенттің көрікті жерлерін тамашалады.