Бала құқығы – басты назарда

361
ontustik.gov.kz

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, облыстық прокуратурасының басшылығы, облыстық ішкі істер департаментінің орынбасары, жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімі, сондай-ақ, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.

Мәжілісте  жалпы кәмелеттік жасқа толмағандардың өзекті мәселелері мен олардың шешу жолдары қарастырылып, талқыланды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде С.Мұханбедианқызының  арнайы Сарыағаш ауданына барып, аудан әкімінен бастап бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларымен жиналыс өткізгенін тілге тиек етіп, облыстағы бала құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Б. Нарбекова, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Сейдуалиев, облыстық білім басқармасының басшысы И. Сағындықов баяндама жасады.

Мәжіліс соңында Сәуле Айтпаева бала құқығын қорғау мәселесі әрдайым назарда болу керектігін айтып, бала құқығын қорғауға тікелей қатысты мекеме басшыларына өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі