Астана-Сарыағаш пойызын тексеру кезінде 25 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев пен Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық басшысы Төлеген Байғұлов Астанадан Сарыағашқа қатынайтын N85/86 жолаушылар пойызын тексерді.

«Тексеріс нәтижесінде пойыздың ҚР Ұлттық стандарттарының талаптарына сай келмейтін 25 факт анықталды. Атап айтқанда, вагонның сыртын тот басып кеткен және басқа да ақаулар көзге түскен. Сондай-ақ төсек жабдықтарының стандарт талаптарына сай болмауы сынға ілінді. Атап айтқанда, матрас пен жастық және басқа да төсек жабдықтары кір болып шыққан. Сондай-ақ, жолаушыларды билетсіз тасымалдаған фактілер де анықталды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, тексерушілер Қарағанды қаласына келіп, теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жұмысының барысымен танысты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вокзал шаруашылығы өкілдерінің  қатысуымен жиын өтті. Онда аталған кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті нұсқау берілді.