Мәртөбе тұрғын алабының тұрғындары алғашқы қардың ызғарына тоңды. Айтуларынша, үш күннен бері бұл елді — мекенде көгілдір отын жоқ. Оған тозығы жеткен газ таратушы бекеттерін қосыңыз. Қыстың қамын жазда ойланбаған монополистерге ренжіген тұрғындардың жанайқайы айға жеткендей.
«Ауыстырып береміз деп жыл сайын айтады, бірақ көрген күніміз осы. Сонда біздің төлеп жатқан ақшаларымыз қайда? осы салаға бөлінетін қаражат қайда?” дейді ашынған жұрт.
Елді — мекен тұрғындары үш жылдан бері газ таратушы бекетті жаңартып беруді сұранған. Өтініштерін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның мамандары қабылдап алып, уәде берумен келеді екен. Үш күннен бері көгілдір отынсыз қалғандар көмек сұрап, жауаптыларды аяғынан тік тұрғызды. Көгілдір отынсыз тоңып отырғандардың қатарында осындағы мектеп оқушылары да бар .
Тұрғындардың айқайымен келген “ҚазТрансГазАймақ” АҚ өкілдері бұл бекеттің тамыз айында жөнделгенін және кесте бойынша қарашада қарау керектігін айтып ақталды. Сондай-ақ, бекетті алмастыруға қаражат қаралмаған дейді. Бірақ, көпшіліктің қаһарынан қорықса керек, тозығы жеткен бекетті бүгіннен қалдырмай алмастырып, беруге амалсыз көнді.
Бірақ бұған дейін әбден алданған тұрғындар сенбеді. “Халықтың қалтасын қағудан басқа не білесіздер?” деп сұрақтарын қарша боратты.
Бір өкініштісі, халықтың жанайқайын тыңдауға әкімдіктегілер құлық танытпады. Шенеуніктер төбе көрсетпеген жиын соңы тағы бір уәдемен аяқталды. Тұтынушылар мен монополистердің тартысы кімнің пайдасына шешілеріне уақыт төреші.
Нұрлан Күдерұлы