Оқушылар неге мектеп асханасынан тамақтанбайды? Ата-аналардың қалтасы көтермейтіндей баға қымбат па, әлде тамақтары дәмсіз бе? Бәлкім шәкірттердің әке-шешесі ондағы ас мәзіріне сенбесе керек…
Осынау сауалдарға жауап іздеген «Нұр Отан» партиясының өкілдері салаға жауаптыларды ертіп Шымкенттегі мектептердің асханаларына барды. Балалардың ас-ауқаты мен асүйлердің талапқа қаншалықты сай келетінін тексеріп көрді.
Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары: «Балалар тамақтарын үйден алып келеді. Бұлай болмайды. Гигиеналық тұрғыдан дұрыс емес. Неге асханадан тамақтанбайды? Бағасы қымбат па? Сапасы ата-ананың көңілінен шықпай ма?»
Бұл №9 мектептің асханасы. Мұндағы ауа тазартқыш жүйесі де «нұротандықтардың» осыған дейінгі тексерулеріндегі ескертулерден кейін жолға қойылыпты. Жауаптылар асханадағы ахуалдан бастап оқушыларға ұсынылатын ас-ауқаттың құнарлығына да дейін мән берді.
«Нұротандықтар» қазан-табаққа араласудан аулақпыз, біздің мақсат қоғам назарын оқушының тамағына аудару» дейді. Партия өкілдері қазір мектеп асханаларына қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізуде. Қорытындысынан кейін құзырлы органдарға арнайы ұсыныстар жолдаймыз дейді партия өкілдері.
Мақпал Рысбаева