Түркістанда пәтер мен жер бағасы 4 есе өсті Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы ондағы баға шарықтап барады. Әсіресе жылжымайтын мүлік пен жалдамалы баспана құны еселеп өсуде. Статусы өзгерген 4 ай ішінде пәтер мен жер учаскесінің бағасы 4 есеге дейін өсіп отыр, деп хабарлайды КТК.
Гүлзада Тойшыбекова, риелтор: «Біздің ауылдағы адамдардың бәрі үйлерін сатуға қойды. Жер тамның өзінің бағасы өсіп кетті. Мына мөлтекаудандарда ол жақта да көтерілді бағасы. Бір бөлме пәтердің бағасы 5 млн болды, 2 бөлме пәтер 8-9 млн болды. 3 бөлме пәтерлер 8-бен 11 млн арасында көрсетеді».
Риелторлардың айтуынша қазір сатылмайтын баспаналардан сатылуға қойылған үй саны көп. Әсіресе үй мен пәтерін жалға беруге әрекеттенген түркістандық пысықайлар Шымкенттен ауысып келген мемлекеттік қызметкерлерден пайда түсіруге тырысады. Салдарынан, орта есеппен 25 мың теңге деп тұрған жалдамалы пәтер 100 мыңға дейін, бір тәулікке 5 мың сұрайтын пәтер 10 мың теңге, ал бір жарым миллион тұратын 10 соттық жер 5 миллионға бір-ақ жетті.
Мұндай жағдай Түркістанның маңындағы шағын ауылдар мен 30 шақырым жердегі Кентау қаласына да әсер етіп жатыр. 2 мыңға жуық пәтер салуды жоспарлағанмен, киелі шаһардың бас жоспары әлі түбегейлі бекітілген жоқ. Егер мемлекеттік қызметкерлерге бюджеттік пәтер жылдамдатып берілмесе, айлықтары пәтер ақысынан аспай қалатын түрі бар.