Биыл Мырзашөл өңірінде 100 шақырымға жуық жаңа электр желілері тартылды. Бұл игі тірлік «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2016-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Жаңғырту жұмыстарының барысында су жаңа 11 трансформатор орнатылған. Осының арқасында жергілікті халық тұрақты да, сапалы электр энергиясына қол жетікізіп отыр.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында ауқымды тірліктер Мырзашөл өңірінде сәуір айынан басталған болатын. Мұнда энергетиктер жаңғырту жұмыстары барысында 100 шақырымға жуық жаңа желі тартты. Оған 1250-ге жуық темір бетонды бағана орнатқан. Жаңа желілерді сапалы қуатпен қамту үшін 11 су жаңа трансформатор қойылған. Энергетиктер осындай негізгі тірліктерді тындырып, қазір демонтаждау ісімен айналысуда.

Айта кету керек, Мырзашөл өңірінде демографиялық өсімнің көрсеткіші жақсы. Осыған байланысты қазір «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не қарасты Мақтаарал электр жүйесінің жеке сектордағы абонент саны 47 мыңнан 50 мыңға жеткен. Мұндағы энергетиктер жаңадан қосылған абоненттерді де қуатпен қамтып үлгеруде.

Жантөре Нармұхамедов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Мақтаарал электр жүйесінің басшысы: «Соңғы инвестициялық бағдарлама Асықата кентінде жүргізілді. 96 бағананы ауыстырып біттік. Демонтаж жұмыстарын да аяқтап жатырмыз».

Бүгінге дейін Мақтаарал және Жетісай аудандарын қоса есептегенде, Мырзашөл өңіріндегі жалпы электр жүйелерінің 30 пайызы тегіс жаңартылған. Қазір жергілікті халық энергетиктерге дән риза.

Қуаныш Қасымбеков, ауыл тұрғыны: «Биылғы жылы электр жүйесін жаңартып, ауылымыз жаңарып қуанып жатқан жайымыз бар. Жарығымыз жарқырап жануына улес қосып жатқан азаматтарға рахмет».

Энергетиктер жаңғырту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табады дейді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясындағы жүйені жаңарту ісі 2022 жылға дейін жүргізіледі. Демек, Мырзашөл өңіріндегі өнімді тірліктердің шарапаты әлі талай ауылды қуантарына сенім мол.

Мақсат Жақсыбайұлы