«Құтқарушылар күніне» орай Абай саябағында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуы өткен болатын.
Шара барысында марқұм Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековтың отбасына қолдау көрсету идеясы келді. Арнайы шақыртылған қонақтардың арасында Жомарт Сәрсенбековтың жұбайы Ұлжан Сабазова да болатын. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып жатқан жерлестеріміздің арасынан Ұлжанды кейіпкер етіп таңдадық. Бес баласымен жесір қалған Ұлжанды әңгімеге тарттық. Осыдан екі жыл бұрын тауда адасып кеткен туристі іздестіру кезінде қаза тапқан жолдасымен отандасқандарына, сол 2016 жылы 13 жыл толған екен.Ұлжан Сабазова, ерлікпен қаза тапқан аға құтқарушы Жомарт Сәрсенбековтың жұбайы: «2016 жылы 30 — мамырда отағасымнан айрылдық. Бес баланың тәрбиесі мойнымда. Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Асқар таудай әкелерінің өмірлік жолы, бейбіт өмірде жасаған ерлігі балалары үшін үлгі. Рахмет, міне бүгін ескерткіш ашылып жатыр. Қайғыда жалғыз қалдырмаған, халқыма алғысым шексіз».
Ұлжан қарапайымдылығы, инабаттылығымен есімізде қалды. Кездесуден кейін әкелерінен ерте айырылған балаларға қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадық.
Қызмет барысында қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген мекемелердің басшыларына қоңырау шалып, көмек сұрадық. Шымкенттегі ұшақсыз ұшатын құрылғы аппараттарын жасап шығаратын «Робоавиа» серіктестігі бірден қол ұшын берді.
Кәсіпорынның жас басшысы Николай Пажитнев ұжымымен ақылдасып, 9 жастағы Нұржігітке қыста киетін жылы күртеше сатып алып, арнамызға жеткізді. Қамқорлықтарын Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы да аямады.
Басқарма басшысының орынбасары Сәбит Темірәлиев әріптестерімен балаларға бас киімдер, жылы шалбарлар сатып алуға қаржылай көмек көрсетті. Қаланың іргесіндегі арнайы экономикалық аймақта орналасқан шұлық фабрикасының ұжымы балаларды бір жылға шұлықпен қамтыды.
Тағы бір мекеменің қаржылай қолдауы арқасында отбасына азық-түлік сатып алынды. Біз атап өткен жерлестеріміз қолдау көрсеткендерін жарнамалауды сұраған болатын. Алайда біз жомарттық танытқан жүрегі кең азаматтар жұмыс істейтін мекемелерді тұрғындарымыз білуі керек деп шештік. Өткен бейсенбіде азық-түлік киімдерді «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі серіктестігінің көлігіне тиеп, Ұлжанның балаларына жол тарттық.
«Құдайдың құдыреті». Дәл осы күні марқұм Жомартты еске алып үйдегілері жеті шелпек пісіріп, иіс шығарып жатыр екен. Және қаза болған аға құтқарушы Жомарттың ұлы Нұржігіт 9 жасқа толыпты.
«Робоавиа» серіктестігінің күртешесі туған күніне керемет сый болды. Балалардың кенжесі 2016 жылы анасының құрсағында төрт айлық болатын. 2016 жылы 13 қазанда дүниеге келген балаға туыстары марқұм Жомарттың ізін бассын деген тілекпен Ізбасар деп ат қойыпты.
Екіге толған балапан әкелерінің көзі, отбасының қуанышы. Балалардың үлкені Берік 10 жаста , Ержігіт 7-де, Ақсезім болса алтыда. Тағдырдың тауқыметін жастайынан көтерген Ұлжан мойымайды. Өйткені, жанында балалары, қайын-жұрты, ата-анасы, нағашылары бар. Енді олардың қатарын Шымкенттің бірқатар мекемелерінің қызметкерлері толықтырды.
Әрине, бұл көмек болмаса да, отбасы тіршілігін жалғастыра береді. Бірақ қолымыздан келсе, жанымыздағы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетейік, ағайын. Пышақтың сабындай қысқа өмірде бір-бірімізге жылы сөйлеп, жақсы тілегімізді айтып, қолымыздан келгенін жасауға тырысайық.
Әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдалана отырып, қызметтік міндетін атқару барысында өмірін біреуді аман алып қалуға қиған Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековтың отбасына қолдау көрсеткен мекеме басшылары, азаматтарға алғысымызды айтамыз. «Алла сіздерге разы болсын, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңыз жемісті болсын» деген Ұлжанның да тілегін қабыл алыңыздар.
1988 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытында болған өртті сөндіру кезінде қаза болған Бақыт Алпысбаевты, Арыс қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Нұрғали Қарабаевты, фармацевтикалық заттар сақтайтын қоймада өртті сөндіру кезінде қаза тапқан аға сержант Жұлдызбек Есеналиев пен ОҚО жедел-құтқару жасағының аға құтқарушысы Жомарт Сәрсенбековты әріптестері мен жерлестері ұмытпайды. Олардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі өнеге.
Шынар Оразова