Білім берудегі жаңа тәсілдерді жетілдіру. Сұранысқа ие мамандықтарға оқушыларды бағдарлау. Мектеп психологтарының жұмысын күшейту. Бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында аталған мәселелер талқылау өзегіне айналды.
Ашық диалогтық алаң барысында білім саласының шамшырақтары Елбасының биылғы жолдауында көтерілген мәселелерді жүзеге асыру жолдарын талдады.
Ел президентінің биылғы жолдауы білім нәрімен сусындатушы ұстаздар қауымына тың серпін беріп отыр. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бастапқы орынға шығарылған. Саясаттың қолбаласына айналып кеткен мұғалімдердің мәртебесін көтеру жағы да назардан тыс қалып отырған жоқ.
Шынар Ергешбаева, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша институты директорының орынбасары: «Бүгінгі диалог алаңымыз биылғы жолдауға арналып отыр. Жолдауда Елбасы Білім саласы қауымдастығына айтқан көптеген проблемаларды, тапсырмаларды орындау жолдарын талқылап, осыған жол картасын толтырып Білім және ғылым министрлігіне жолдамақпыз. Президент айтқандай әдістемелік білім әлсіз, бар болғанымен қуаты жоқ. Осының себептерін зерттеп, мониторинг жүргізіп, келешекте Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мұғалімдеріне «Өрлеу» өзінің мониторингтік бағдарламасын жарыққа шығармақшы».
Елбасының өзі мамандық иелеріне құрмет көрсетіп отырғанда жауапкершіліктің артылған жүгі де ауыр екенін сезінеді. Біліктіліктерін арттырып, жаңартылған бағдарлама аясында сабақ беру әдіс-тәсілдерін жаңалауды жолға қойған.
Исатай Сағындықов, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы: «Оқушылар біздің мұғалімдерден артық біліп жатқан жайы бар. Себебі университет бағдарламасы бұрын бекітіліп қойған стандарт. Ал қазіргі Назарбаев мектебінің тәжірибесін алатын болсақ, сумативті бағалау яғни нәтижеге байланысты бағалау әлі институттарда берілген жоқ. Бірақ сабақ беріп жатқан мұғалімдерді «сен институтта білім алған жоқсың, сен мұны білмейсің» деп лақтырып тастай алмаймыз ғой. Сондықтан олардың біліктіліктерін көтеріп, қазіргі заман талаптарына сай қайтадан дайындауымыз керек».
Биылғы жолдаудың басым бағыттарын талқылап, оны іске асыру жолдарын жіліктегендер саланы дамытуда аянып қалмайтындарын жеткізді. Білім саласына қатысты түйіткілді түйіндерді де тарқату кезеңі туғанын айта тарқасты.
Гүлжан Көшерова