Майдангер-қаламгер, қоғам қайраткері Ә.Жылқышиевтің ғасырлық тойы аталып өтті

518

Шымкентте демалыс күндері үлкенге де, кішіге де берері, тағылымы мол шара өтті. Ол – Мемлекет және қоғам қайраткері Әбжаппар Жылқышиевті еске алу кеші болатын. «Азамат. Қаламгер. Тұлға.» деп айдар таққан басқосу өңірдің бірқатар аудандарын басқарған бірегей тұлғаның 100 жылдығына арналды.

Артында өшпестей із қалдырған Азаматтың есті ұрпағы әке жүріп өткен сара жолдың куәгері болған үзеңгілес-жолдастарымен өнегесін ойға түйген шәкірттерінің басын қосты.

Қаладағы Қазыбек би және Ә. Жылқышиев көшелерінің қиылысында ерекше барельеф орнатылған. Белгі тас-ескерткіштің жанына таңертеңнен кеңестік дәуірде де, Тәуелсіз елдің құрылған жылдары да қоғамның жауапты орындарында еңбек еткен ел ағалары, Әбжаппар ағаның ізбасарлары жиналды. «Әке рухына тағзым» еткен Әбжаппар ағаның қос ұлы бастаған азаматтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өткен кезеңдерді, сол уақытта атқарылған тындырымды істерді еске алды.

Ол көзімен көріп, жүрегімен қабылдаған әр сәтті, ел көрген жақсы мен жаманды, өзін қоршаған ортаны, табиғатты – бәрін де қағаз бетіне түсіріп, ойтолғауларын осылай «рәсімдеп» кетті. Арнайы түсірілген фильмде мұның бәрі анық айтылған.

Ел басына күн туған сан қилы жылдардың азабын – аштықтың зардабын, елді аңыратқан солақай саясаттың салқынын жасөспірім кезінен түсініп, көңіліне тоқыған Әбжаппар Жылқышиев қан майданда да тер төкті.
Құдай әке-шешесінің тілеуін беріп, аман оралған ол елдің бойын тіктеп, шаруасын ширатуына атсалысты. Облыстың бір емес, 7 ауданын басқарған жылдарын көзкөргендер ерекше ыждахаттылықпен еске алып, Азаматтың елдің гүлденіп, өркениеттің қанат жаю жолында жасаған еңбегін ерекше бағалады.

Осы күні майдангер-қаламгердің жүрегінен шыққан, қолымен жазылған туындыларының негізгілері біріктірілген екі томдық кітабының да тұсауы кесілді. Оқырман сүйіп оқыған алғашқы шығармасы «Ақтолқын» да, «Мешін жылы», «Балжанның тағдыры» және басқа да повесть, әңгімелері осы кітаптарға топтастырылған…
Арнайы аста ағаның рухына Құран бағышталды… Білікті басшы, қарымды қаламгер, қайсар майдангердің мерейтойы даңғыратып жасалған тоймен емес, осылайша, өткен күннің белгілеріне көпті тағы бір үңілтіп, болашаққа да бұрынғы бірлігіне бекем, тірлігіне жауапты Азаматтар керектігін ескерткендей еді.

Зәуре Оралбаева